Ақтөбеде 14 жастағы мектеп оқушысының өліміне қатысты сотталғандар бостандыққа шықты. Облыстық соттың қылмыстық істер жөніндегі алқасы нақты бас бостандығынан айыру жазасын шартты жазаға ауыстырды. Бұл іс бойынша алты 17 жастағы жасөспірім айыпталған болатын. Алғашқы үкімде олардың үшеуі бір жылға бас бостандығынан шектеу жазасына кесілсе, тағы үшеуі 6 жыл 8 айға сотталған еді. Алайда апелляциялық сот үкімді өзгертіп, нақты мерзімге сотталған үш жасөспірімнің жазасын шартты жазаға ауыстырды. Сот алқасының қаулысымен олар бостандыққа шығарылып, жазаны еркіндікте, белгілі бір шектеулермен өтейтін болды.
ЖАНСАЯ ТАЙЫРОВА, ОБЛЫСТЫҚ СОТТЫҢ БАСПАСӨЗ ХАТШЫСЫ:
Сотталғандардың кәмелетке толмағандығын, кінәсін мойындағандығын, іс-әрекеттеріне өкінгендігін, жәбірленуші тараппен медиациялық келісім жасалғандығын және сотталғандардың жазасын жеңілдету жазасын сұраған жәбірленуші тараптың пікірін ескере отырып, сот алқасы шартты түрде жаза тағайынддау туралы шешім қабылдады. Үкімнің қалған бөлігі өзгеріссіз қалдырылды.