Трамп өзін Венесуэланың Президенті деп жариялады. Бұл туралы Ақ үй басшысы әлеуметтік желілердегі парақшасына жазған. Одан бөлек, АҚШ Президенті Иранға қарсы күш қолдануды да ойластырып жатқанын жасырмады. Бірақ, Иран билігі елде болып жатқан бүлікке АҚШ пен Израильді кінәлап отыр. Шартараптағы соңғы жаңалықтарды Еркелді Тілеуқұл шолып шықты.
Трамп Иранға қайта шабуылдауы мүмкін. АҚШ Президенті бейбіт тұрғындардың өліміне алаңдаулы. Сонымен қатар, Старлинк спутниктік ғаламтор желісінің бұғатталуымен де күреспек. Соңғы жеткен ақпаратқа сүйенсек, Иранда 544 адам, оның ішінде кәмелетке толмаған 8 бала қаза тапқан.
ДОНАЛЬД ТРАМП, АҚШ ПРЕЗИДЕНТІ:
Қазір әскерилер барлық мүмкіндіктерді қарастырып жатыр. Өз елін қорқытып, өлтіру арқылы билейтін басшыларды мен адам қатарына қоспаймын. Ғаламтордың бұғатталуымен Илон Масктың өзі күреседі. Жақын арада бұл проблеманы шешеміз деп ойлаймын.
Иран басшылығы болса, қазіргі наразылық АҚШ пен Израиль арандатушылығы, - деп қысқа қайырды.
МАСУД ПЕЗЕШКИАН, ИРАН ПРЕЗИДЕНТІ:
Адамдардың өз наразылығын білдіруге құқығы бар. Біз халықпен диалог құруымыз керек. Дегенмен, қоғамдық жерлерді басып алу, мешітті және қасиетті Құран кітапты өртеу – нағыз бассыздық. Бұның артында АҚШ пен Израиль барлау қызметтері тұрғанын білеміз.
Бүкіл әлем қарсы болса да, біз Гренландияны басып аламыз. Трамп көптен бері алғаш рет әлемдегі ең үлкен арал бойынша пікір білдірді. АҚШ Президенті, тіпті, күш қолдануға да баратынын мәлімдеді.
ДОНАЛЬД ТРАМП, АҚШ ПРЕЗИДЕНТІ:
Ресей мен Қытай басып алмауы үшін біз Гренландияны қорғауымыз керек. Сондықтан, басқа амалымыз жоқ. Еуропа да, Дания да қарсы болса бола берсін. Маған бәрібір. Біз аралды сатып алсақ та, әскер кіргізіп басып алсақ та болады. Бірақ, мейлінше, саяси диалог арқылы келісімге келген дұрыс болар еді.
АҚШ мұнай компаниялары енді емін-еркін Венесуэлада жұмыс істей берсін. Трамп ірі конгломераттарға үндеу жасады. Ақ үй басшысының айтуынша, енді ешкімнен қорықпауға болады.
ДОНАЛЬД ТРАМП, АҚШ ПРЕЗИДЕНТІ:
Мен жоспар құрып қойдым. Біздің мұнай компаниялары қираған инфрақұрылымды және Венесуэла экономикасын қалпына келтіру үшін 100 млрд доллар қаржы құяды. Осыған дейін, Венесуэлада есінен алжасқан адамдар биліте болғандықтан, еш кепілдік болмады. Енді ешкім тиісе алмайды. Сондықтан, екі ел үшін де тиімді жорспарды іске асыру керек.
Израиль қайтадан Ливанға соққы жасады. Ресми Тель-Авив мәліметінше, Хезболла лаңкестік ұйымының инфрақұрылымын көздеген. Алайда, бір бейбіт жан қаза тапқан.