$541.34 €640.73 ₽6.53
×

Жеке мәліметтер Instagram арқылы алаяқтардың қолына өтті

Жеке мәліметтер Instagram арқылы алаяқтардың қолына өтті

Instagram желісіндегі 20 миллионға жуық аккаунттың құпия деректері ашық интернетке тарап кетті.  Бұл туралы Malwarebytes киберқауіпсіздік компаниясы мәлімдеді. Мамандардың айтуынша, жеке мәліметтер даркнетте еркін сатылып, хакерлік форумдарда белсенді талқыланып жатыр. Миллиондаған қолданушы қаскөйлердің нысанасына айналуы мүмкін деген қауіп бар.

АҚБОТА БАЗАРБАЙ, ТІЛШІ:

Лайк басып, қауіпсіз көрінген аккаунтыңыз бір сәтте алаяқтың қолына түседі. Instagram желісіндегі 17 жарым миллион қолданушының жеке дерегі ашық интернетке тарап кетті. Киберқауіпсіздік мамандары бұл соңғы жылдардағы ең ірі дерек таралымы деп дабыл қағуда. Қолданушылардың аты-жөні, электронды поштасы, телефон нөмірі, тіпті тұрғылықты мекенжайының бір бөлігі де бөтеннің қолына өткен. Яғни, сіз туралы дерек қазір біреудің табыс көзіне айналып отыр.

САЙЫН СӘРСЕКЕЙ, ҚР ПРЕЗИДЕНТІНІҢ ІС БАСҚАРМАСЫ ИТО АҚПАРАТТЫҚ ЖҮЙЕЛЕРДІ ӘКІМШІЛЕНДІРУ БАСҚАРМАСЫНЫҢ БАС МАМАНЫ:

Бұл мәліметтер фишинг үшін өте қауіпті. Алаяқтар Instagram-ның парольді қалпына келтіру жүйесін пайдаланып, аккаунтты тартып алуы мүмкін. Кейде бір сілтемені басу арқылы аккаунтпен қоштасуға болады.

Мамандардың айтуынша, алаяқтар жалған хаттар мен хабарламалар арқылы қолданушыны өзі-ақ «қақпанға» түсіреді. «Пароліңізді жаңартыңыз», «Аккаунтыңыз бұғатталады» деген хабарламалар- ең кең тараған айла.

ЗУХРА РЫСҚАЛИЕВА, ҚАЛАЛЫҚ ПОЛИЦИЯ ДЕПАРТАМЕНТІ АҚПАРАТТЫҚ САЯСАТ БӨЛІМІНІҢ АҒА ИНСПЕКТОРЫ:

СМС кодтарды ешкімге хабарламаңыздар. Құқық қорғау органдарының қатысуымен жүргізіледі деп айтылатын ойдан шығарылған операцияларға сенбеңіздер. Және ақшалай қаражатты қауіпсіз немесе сақтандыру шоттарына аудармаңыздар. Мұндай шоттар мүлдем жоқ.

Әзірге Instagram әкімшілігі деректердің қалай тарағанына қатысты ресми түсініктеме берген жоқ. Ал сарапшылар мұндай жағдайда жалғыз қорғаныс - сақтық дейді. Құпиясөзді күрделендіріп, екі факторлы аутентификацияны қосу және бейтаныс сілтемелерден аулақ болу қажет.