Отбасылық кикілжінді шешу үшін шындық детекторына жүгінетіндер саны артты. Тұрғындар жұбайының көзіне шөп салған не салмағанын құрылғы арқылы тексеруге көшкен. Сезіміне сенімсіз жастар полиграф қызметі арқылы жан-жарының адалдығын анықтауға құмартып алды дейді мамандар. Ардың ісін аппаратқа арқалататындар неге көбейді? Аружан Задабек зерделеді.
АРУЖАН ЗАДАБЕК, ТІЛШІ:
Шындық детекторы әлемнің 60-қа жуық елінде қолданылады. Ал біздің елге 2000 жылдан бастап әкеліне бастаған. Полиграф құрылғысы адамның тыныс жүйесі, жүрек-қан тамырларының белсенділігі мен артериялық қысым арқылы өтірік не рас ақпарат айтып отырғанын анықтайды. Әдетте бұл сұхбат 40 минут пен 2 сағат арасында жүргізілдеді. Ендеше, мен дайынмын. Бастайық.
Бұрын полиграф қызметі қылмыстық істерде ғана пайдаланылатын. Ал қазір отбасылық кикілжінді шешкісі келетіндер жиі жүгінеді. Сезіміне серкеу түскен серілер мен серігіне сенімсіз сылқымдар осы арқылы жұбайының адалдығын анықтауға құмартып алған. Ардың ісін аппаратқа арқалататындар нәтижеге Құдайдай сенеді. Абыройдан айырылып, алда-жалда арына шүбә келтіретін нәтиже шықса ажырасуға дейін барады екен.
АСЫЛХАН ОМАРОВ, ПОЛИГРАФОЛОГ:
Көбіне әйелдер күйеуін, ерлер әйелін тексеру үшін келеді. Үйленуді ұйғарып отырған жастар да көп. Олар ажырасып кетпеуі үшін қазірден тексеруді жөн санайды. Түрлі жағдай кездеседі. Ажырасу туралы соңғы шешімді қабылдап, шындықты біліп қалайын деп келген жұптардың біразы татуласып шығады. Яғни, жұбайының көзіне шөп салмағанын біліп, қайта қосылады. Әрине, керісінше, сенген серігінің опасыздық жасағанын естиіп, есенгіреп қалатындары да бар. Мұндай кезде оны жеткізу де ауыр.
Жақында әлеуметтік желіде 63 жастағы қария әйелін қызының күйеуінен қызғанып полиграфқа жүгінгені туралы ақпарат тарады. Оған енесі мен күйеу баласының арасындағы ерекше қарым-қатынас ұнамағанға ұқсайды. Алды-артына түсіп қызмет етеді, үбектейді, бар жағдайын жасайды деп күдік таққан. Алайда тексеріс олардың арасында жеке байланыс жоқ екенін анықтады. Бұл – бір мысал. Айналамызда «қойныңдағы әйеліңе сенбе» деген тәмсілді ұстанатындар жетерлік. Содан болар, бұл қызметке сұраныс та жоғары.
АНАРГҮЛ ИБРАЙЫМБЕКОВА, ПСИХОЛОГ:
Өзге елдерде полиграф қызметі қылмыстық істерде кеңінен қолданылады. Ал, бізде нақты дәлел ретінде қарастырылмайды. Мәселен, атышулы Салтанат Нүкенованың ісінде сотталушы Бақытжан Байжанов шындық детекторынан өтуге дайын екенін айтқан еді. Алайда судья бұл ұсынысты қолдамады.
НҰРЛАН ЖАНАБАЕВ, ЗАҢГЕР:
Қылмыстық процесс бойынша қолданылады. Бірақ мұны қолданған кезде адвокат қолдана алады клиентіне. Тергеуші немесе күдіктіге сәйкес қолданады. Бірақ бұл қосымша ақпарат болып қалады. Бұл сараптама емес, бұл – зерттеу.
Қазір жеке компаниялар қызметкерді жұмысқа алар алдында оның бұрын ұрлыққа қатысы бар-жоғын, жалған құжат қолданған-қолданбағанын, зиянды әдеттері барын детектор арқылы тексереді. Демек, сұраныс жоғары. Бірақ маман тапшы. 500-ге жуық қызметкер жетіспейді.