$541.34 €640.73 ₽6.53
×

«AMANAT» фракциясы: Теңізшевройл қолданыстағы заң нормаларын бұзуда

«AMANAT» фракциясы: Теңізшевройл қолданыстағы заң нормаларын бұзуда

«AMANAT» партиясы Атырау жылу электр орталығына газ жеткізу мәселесін бақылауда ұстауда

Мәжіліс депутаты, «AMANAT» партиясы фракциясының мүшесі Дүйсенбай Тұрғанов Атырау жылу электр орталығының ұжымымен кездесіп, жылу беру маусымындағы негізгі тәуекелдер мен өңірді тұрақты энергиямен қамтамасыз ету мәселелерін талқылады. Кездесу барысында тариф тұрақтылығына, азаматтардың жайлы тұрмысына тікелей әсер ететін ЖЭО-ны газбен қамтамасыз ету мәселесіне баса назар аударылды.

Атырау жылу электр орталығы («АЖЭО» АҚ) өңірдегі аса маңызды нысандардың бірі саналады. Ол қаланы жылу энергиясымен, сондай-ақ облыстың басым бөлігін электр энергиясымен қамтамасыз етеді. Осыған байланысты, газ жеткізу барысындағы кез келген іркіліс немесе жеткізу шартының өзгеруі тарифтерге және әлеуметтік тұрақтылыққа тікелей әсер етеді. Бұған дейін Мәжіліс алаңында айтылғандай, қолайсыз жағдай туындаған кезде электр энергиясының тарифі 41%-ға, ал жылу тарифі 91%-ға дейін өсуі мүмкін еді. Бұған әлеуметтік тұрғыда жол беруге болмайды. Алайда бүгінде «Теңізшевройл» ЖШС мен «QazaqGaz» ҰК» АҚ арасында Атырау ЖЭО-мен жасалған келісімді биыл 30 сәуіріне дейін ұзарту жөнінде уағдаластық бар.

«AMANAT» партиясы фракциясының мүшесі Дүйсенбай Тұрғанов Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасына сәйкес, Үкімет биылғы I тоқсанның соңына дейін тұтынушылардың барлық санаты үшін коммуналдық тариф бағасын қымбаттатпау туралы шешім қабылданғанын еске салды. Азаматтарды қорғау және баға қысымына жол бермеу мақсатында осындай шара қабылданды.

Мәжілісмен «Теңізшевройл» ЖШС-ның «АЖЭО» АҚ-қа газ жеткізуді тоқтату туралы шешімі өңірдің электр қуатымен және жылумен қамтылуына қауіп төндіріп қана қоймай, қолданыстағы заңнаманы бұзатынын да атап өтті.

«AMANAT» партиясы Атырау ЖЭО-ның газбен толық әрі тұрақты қамтамасыз етілуін талап етеді. Бұл – сенімді жылумен қамту, тариф қымбатшылығына жол бермеу қадамдарымен тікелей байланысты мәселе. Бұған дейін де атап өткенімдей, қолданыстағы заңнама стратегиялық нысандарға делдалдар арқылы газ жеткізуге тыйым салады. Сондықтан газ жеткізу мәселесін парламент деңгейінде көтердік. «AMANAT» партиясы фракциясының күш-жігері арқылы уақытша шешім табылды. Енді біз «Теңізшевройлмен» ұзақмерзімді ынтымақтастықты қайта жандандыруға және оны жүйелі жолға қоюға күш саламыз. Бұл – өңірдің энергетикалық қауіпсіздігіне қатысты маңызды мәселе», – деді депутат.

Сондай-ақ Дүйсенбай Тұрғанов Мәжіліс депутаттары газбен жабдықтау және тауарлық газды үнемді тұтыну мәселелері жөніндегі заң жобасы бойынша жұмыс істеп жатқанын атап өтті. Аталған құжат нарықты реттеуге, тұтынушыларды қорғауға және жеке газ тарату ұйымдарына мемлекеттік реттеу жүргізуді күшейтуге бағытталуда.

Айта кетейік, кейінгі үш жылда партияның сайлауалды бағдарламасы аясында Атырау облысында шамамен 220 шақырым газ желілері тартылып, бұл 8 шалғай елді мекенді көгілдір отынмен қамтамасыз етуге мүмкіндік берді.

Кездесу қорытындысында Мәжіліс депутаты қалыптасқан жағдайды реттеу мақсатында жұмыс тобы Энергетика министрлігінің қатысуымен жұмыс жүргізіп жатқанын мәлімдеді.