$541.34 €640.73 ₽6.53
×

Елімізде су ресурстарын заңсыз пайдалануға қарсы жұмыс тобы құрылады

13.01.2026ж. 11:10
Елімізде су ресурстарын заңсыз пайдалануға қарсы жұмыс тобы құрылады
Фото: Үкімет

Үкімет отырысында ҚР су ресурстары және ирригация министрі Нұржан Нұржігітов аграрлық секторда су үнемдеу технологияларын енгізу бойынша жүргізіліп жатқан жұмыстар туралы баяндады.

Ол осы бағытта негізгі басымдық заманауи, үнемді суару әдістеріне көшу болады деп атап өтті.

Бұл, әсіресе, 2025 жылғы вегетациялық кезеңде анық көрінді, ол құрғақшылық және су шаруашылығы жүйесіне түскен жоғары жүктеме жағдайында өтті. Дегенмен, уақтылы қабылданған басқару шешімдері мен аймақтық деңгейдегі үйлестірудің арқасында суару маусымы аграрлық сектор үшін шығынсыз аяқталды, — деді Нұржан Нұржігітов.

Ведомство мәліметінше, жалпы 2025 жылы 1,2 млн гектар ауыл шаруашылығы жерлерін суаруға 11,1 текше метр су пайдаланылды.

Суару маусымының қиын жағдайларын жеңілдеткен факторлардың бірі су үнемдеу технологияларын енгізу болды. 2025 жылы осы технологиялар қолданылған 153,5 мың гектар жер енгізілді.

Сондай-ақ Министрлік 2026 жылдың  ақпанында су келуінің ең пессимистік сценарийін ескере отырып су тұтынудың нақтыланған лимиттерін әзірлейді, ал Ауыл шаруашылығы министрлігі 2026 жылғы наурыз айында егістік құрылымын түзетеді.

Сонымен қатар су ресурстарын заңсыз пайдалануға қарсы күрес маңызды бағыт болып қала береді. Бас прокуратурамен бірлесіп Іс-шаралар жоспары әзірленді. Бұл құжат су ұрлығы мен заңсыз су пайдалануға тиімді қарсы күрес үшін құқық қорғау және басқа мемлекеттік органдардың қатысуымен Республикалық ведомствоаралық жұмыс тобын құруды көздейді.