Атырауда тағы бір тұрғын із-түссіз жоғалып кетті. 59 жастағы Талғат Назаров қалаға Доссор кентінен емделу үшін келген. 9-қаңтар күні күндіз Көкарна ықшамауданында тұратын қызының үйінен шығып кеткен. Отбасы мен тума-туыс бес күннен бері шарқ ұрып іздеп жүр. Әзірге нәтижесіз. Ұлының айтуынша, әкесінің талма ауруы бар. Қан қысымы да көтеріліп кеткен. Сол күні эпилептолог-дәрігерге апаратын ұлын күтуге есік алдына шыққан да оралмаған. Туыстары сол маңдағы тұрғындардың бейнебақылау камерасы арқылы оның Жайықтың жағасымен жаяу кеткенін анықтаған. Келесі күні жағалаудан бас киімі мен телефоны табылыпты. Бірақ өзі үшті-күйлі жоқ. Балалары бір жерде талып қалды ма, әлде адасып кетті ме деп алаңдап отыр.
МАҚСАТ ТАУБАЕВ, ҰЛЫ:
Есік алдына шыққан адам ғой. 5-10 минуттың ішінде мен де келем, артынан менің келіншегім де шығады. Сол уақытта таба алмай қалып тұрмыз ғой. Полициядан әлі келген жоқ. Камераны қарау үшін мен әр кезде хабарласуым керек не істедіңдер, не істедіңдер? Бар ма, хабар бар ма, ананы қарадыңдар ма. Мынаны қарадыңдар ма?
МЕЙІРІМ ЕРДӘУЛЕТ, ОБЛЫСТЫҚ ПОЛИЦИЯ ДЕПАРТАМЕНТІНІҢ БАСПАСӨЗ ХАТШЫСЫ:
Криминалдық полиция бөліністерінің мәліметіне сәйкес, ер адамның соңғы жүрген іздері Жайық өзені маңынан анықталғандықтан, сондай-ақ оны жеке заттары Жайық өзені маңынан анықталғандықтан Жайық өзенінен іздестіру жұмыстарына қазіргі уақытта Төтенше жағдайлар департаментінің күш құралдары жұмылдырылды.