$541.34 €640.73 ₽6.53
×

Алматы облысында сегіз мың тұрғыны бар елдімекен газсыз отыр

13.01.2026ж. 19:00
Алматы облысында сегіз мың тұрғыны бар елдімекен газсыз отыр

Алматы облысында сегіз мың тұрғыны бар елдімекен газсыз отыр. Қаракемер ауылдық округіне қарасты бірнеше аймаққа осыдан төрт жыл бұрын көгілдір отын тартылады деп уәде еткен.  Жергілікті биліктің құр сөзіне тойған жұрт арнамызға хабарласып, көмек сұрады. Айдана Шалқар тарқатады.

2022 жылы Қаракемер ауылдық округінің экс-басшысы Бәйдібек би, Сатай, Талдыбұлақ елдімекендеріне газ желісі орнатылады деп айтқан. Десе де, ауыс-түйіс болып, бұл мәселе жайына қалыпты. Тұрғындар жаһандану дәуірінде қолдары қара кір болып, әлі күнге дейін көмір тасып жүргендеріне ызалы. Ал, отынға кететін қаражат тұрғындардың қалтасына едәуір салмақ түсіреді. Себебі, олар жылына көмір алуға 250 мың теңгеге жуық ақша жұмсайды.

НҰРГҮЛ ДОСАНОВА, ТАЛДЫБҰЛАҚ АУЫЛЫНЫҢ ТҰРҒЫНЫ:

Мен келін боп түскелі 30 жыл болды, оған дейін де, осы 30 жыл тұрып жатырмын осы ауылда, газ жоқ. Екі жыл бұрын ауылға газ келеді екен ойбай көркейеміз деп. Айтылған дүние болған, бірақ жоқ.

ӘБУТӘЛІП ЖҮНІС, ТАЛДЫБҰЛАҚ АУЫЛЫ АҚСАҚАЛДАР АЛҚАСЫНЫҢ ТӨРАҒАСЫ:

22, 23 жылдары инвестор табылып, осы газ келеді деп айтылғалы сонша уақыт болды. Біресе инвестор жоқ деп осы газ түспей жатыр. Күзден бастаймыз, көктемнен бастаймыз деп, айтқаны орындалмай жатыр ғой. Көрші жанымыздағы Түрген ауылы газбен отыр, Есікке дейін барды, мына жағымыз Шелекке дейін, әрі қарай Жаркентке дейін кетті.

Жергілікті билік өкілдерінің айтуынша, көгілдір отынның жүргізілуіне бюджеттен жеткілікті қаржы бөлінбеген. «Мемлекет тарапынан қолдау болмаса, мәселені инвесторлар арқылы шешеміз»,-дейді олар.

АЗАМАТ ӘДІЛХАН, ҚАРАКЕМЕР АУЫЛДЫҚ ОКРУГІ ӘКІМІНІҢ ОРЫНБАСАРЫ:

Қазіргі уақытта Қаракемер, Сатай, Талдыбұлақ үш ауылға жобалық-сметалық құжаттамасы жасалып, мемлекеттік сараптамадан оң қорытындысы шықты. Ендігі уақытта тапсырыс беруші Алматы обл газ. Қазіргі уақытта қаражат қарастырылды. Алматы облысының энергетика және сумен жабдықтау басқармасының ұсыныстар жіберілді қаражат қарастыру бойынша.

Жоба мақұлданып, керекті сома толық бөлінсе, округті газдандыру жұмыстары биыл жыл соңына дейін аяқталады деп күтілуде.