$541.34 €640.73 ₽6.53
×

Қандай жағдайда мобильдік аударымдар тексеріледі?

Қандай жағдайда мобильдік аударымдар тексеріледі?

Мобильді аударымдар бақыланғанмен, той-томалақтан түскен ақшаға, алған сыйлық үшін  күдікке ілінбейсіз. Қаржы аударымдары тексеріледі дегеннен бері, көпшілік күнделікті туысқа немесе досқа жіберген ақшаға салық салынбай ма деп алаңдап отыр. Сонымен кімдер тексеріледі? Жеке шотын бизнеске пайдаланғандар қалай жазаланады? Әріптесім Ақбота Базарбай рет-ретімен түсіндіріп береді.

АҚБОТА БАЗАРБАЙ, ТІЛШІ:

Сіз бен біздің шотымызға түскен мобильді аударымдарды бақылау бұған дейін де болған. Ол кезде екі өлшем шарт қолданылды. Аударымдар 100-ден астам әртүрлі адамнан үш ай қатарынан түсуі керек еді. Енді үшінші өлшем шарт енгізілді. Ол – аударымдардың жалпы сомасы. Яғни, үш айдың ішінде түскен қаражат көлемі 1 миллион теңгеден асу керек. Бақылау жүргізілуі үшін үш талап бір мезгілде орындалуы шарт. Егер осы талаптардың біреуі ғана орындалса, ешқандай тексеру болмайды. Мысалы, бір айда 110 адамнан ақша түсіп, бірақ келесі айларда қайталанбаса, тексеру болмайды. Немесе үш айда 1 миллион теңгеден аса қаражат түсіп, бірақ ол 20–30 адамнан ғана келсе – бұл да тексеруге негіз бола алмайды.

Былтыр жалғанды жалпағынан басып, табысын жасырған 2 мыңнан астам кәсіпкер анықталған. Оның  көпшілігі тауар сатып, түрлі қызмет көрсеткенімен, кәсіпкер ретінде тіркелмеген. Соның салдарынан мемлекетке төленбей қалған салық көлемі ондаған миллиард теңгеге жеткен.

ҰЛДАНА СҮЛЕЙМЕН, ҚР ҚМ МКК ЖҰРТШЫЛЫҚПЕН БАЙЛАНЫС ХАТШЫЛЫҚ БАСҚАРМАСЫНЫҢ САРАПШЫСЫ:

Белгіленген өлшем шарттан асқан жеке тұлғалардың мәліметтері мемлекеттік кірістер органындарына екінші деңгейлі банктерден келіп түседі. Алынған мәліметтерге сәйкес мемлекеттік кірістер органдары тарапынан камералдық бақылау жүргізіледі және жеке тұлғаға қатысты камералдық бақылау нәтижелері бойынша анықталған алшақтықтар туралы хабарлама жолданылады.

Салық органдары туыстар арасындағы ақша аударымдарына, ата-ананың баласына жіберген қаражатына, қарыз беру немесе қайтаруға қатысты ешқандай сұрақ туындамайтынын айтады. Той кезінде жиналған ақшалай сыйлық та табыс болып саналмайды. Себебі бұл бір реттік жағдай. Қайырымдылықтан түскен қаражатқа да салық салынбайды.

АРМАН БЕЙСЕНБАЕВ, ЭКОНОМИСТ:

Мәселе ақшаның көптігінде емес, оның тұрақты түрде түсіп тұруында. Егер адам жеке шотын күнделікті табыс табу үшін пайдаланса, бұл кәсіпкерлік қызмет болып есептеледі. Ондай азамат өзін кәсіпкер ретінде тіркеп, ай сайынғы төлемдерді төлеп, кәсібін ашық жүргізу керек.

Егер жеке шотын бизнеске пайдалану алғаш рет анықталса, салық органы ескерту жасайды. Ал жағдай қайталанса, 40 айлық есептік көрсеткіш көлемінде айыппұл салынады. Бұл шамамен 157 мың теңге. Сонымен қатар, азамат кәсіпкер ретінде тіркеліп, тиісті салықтарды төлеуге міндеттеледі. Бұл өзгерістер көлеңкелі бизнестің жолын кесу үшін енгізілген. Сондықтан мобильді аударымдарды күнделікті тұрмыста пайдаланатын қарапайым азаматтарға алаңдауға негіз жоқ дейді мамандар.