$541.34 €640.73 ₽6.53
×

«ҚазМұнайГаз» Жаңаөзенде балаларға арналған Оқушылар сарайын салды

«ҚазМұнайГаз» Жаңаөзенде балаларға арналған Оқушылар сарайын салды

Жаңаөзен қаласында балалар мен жасөспірімдерге арналған Оқушылар сарайы ашылды. «Bolashaq Sarayi» өскелең ұрпаққа шығармашылық, ғылым және спорт бағыттарында жаңа мүмкіндіктер ұсынады. Нысан «ҚазМұнайГаз» ұлттық компаниясының қолдауымен салынды.

Дәстүрлі қызыл лента қиылып, алтын кілт табысталған соң заманауи үлгідегі Оқушылар сарайы ресми түрде пайдалануға берілді. Қала үшін маңызы бар жоба Маңғыстау облысын әлеуметтік-экономикалық дамытудың кешенді жоспары аясында жүзеге асырылды.

НҰРДӘУЛЕТ ҚИЛЫБАЙ, МАҢҒЫСТАУ ОБЛЫСЫНЫҢ ӘКІМІ:

1 жарым жылдың ішінде салынып бітті, "ҚазМұнайГаз-дың" қолдауымен сабақтан тыс уақытта өзін-өзі дамытуға арналған орталық. Жаңаөзен тұрғындары, Жаңаөзен қонақтары келіп серуендеп, демалып кетуіне де үлкен мүмкіндік туғызып отырған ғимарат.

Жаңа орталықтың жалпы аумағы 3 мың шаршы метрден асады. Оқушылар сарайы ауысымдық жүйе бойынша бір мезетте 1500 балаға дейін қабылдай алады. Мұнда робототехника, бағдарламалау, 2D/3D модельдеу, шет тілдері, киім дизайны мен тігін, шахмат, вокал, классикалық және ұлттық музыкалық аспаптарда ойнау бағыттары бойынша сыныптар ашылған. Сонымен қатар бейнелеу өнері студиясы, актерлік шеберлік, журналистиканы меңгеруге арналған телестудия бар.

АСХАТ ХАСЕНОВ, «ҚАЗМҰНАЙГАЗ» ҰЛТТЫҚ КОМПАНИЯСЫ» АҚ БАСҚАРМА ТӨРАҒАСЫ:

Нысанның ең басты мақсаты – елімізге бәсекеге қабілетті, еліміздің атын бүкіл әлемге әйгілі қылатын осындай болашақ біздің балапандарды тәрбиелеу, дәріптеу. Ұлттық компания әлеуметтік тұрғыдан  осындай нысандарды жалғастырып, Мемлекет басшысының тапсырмасымен іске қосуға жұмыстанады.

Айта кетейік, бұл – «ҚазМұнайГаз» компаниясы Жаңаөзен қаласында жүзеге асырған жалғыз жоба емес. Өткен жылдың соңында қала тұрғындары мен жақын маңдағы елді мекендерді ауыз сумен қамтамасыз ету мақсатында тәулігіне 50 мың текше метр су өндіретін «Кендірлі» теңіз суын тұщыту зауыты іске қосылған болатын.