Оралдағы қоғамдық көліктер жылжымалы кітапханаға айналды. Еліміздегі ерекше жобаны ұйымдастырушылар автобусқа кітап сөресін орнатып, түрлі әдебиетпен толтырды. Осылайша жолаушылар діттеген жеріне жеткенше кітап оқып, бос уақытын тиімді пайдаланбақ. Ұйымдастырушылар алысқа қатынайтын бағытты автобустарды әдейі таңдап алған. Шағын кітапханаға айналған автобус жолаушылары тың бастаманы қолдап, ұнаған туындыны оқуға кірісті. Ал кейбір қаламгер өзі жазған шығармаларын сыйға тартты. Елді кітап оқитын ұлтқа айналдыруды көздеген жоба 1 жылға созылады. Сұраныс болса, жалғаса бермек.
НҰРЛЫГҮЛ САҒЫНОВА, ЖОБАНЫ ҰЙЫМДАСТЫРУШЫ:
Аялдамадан келесі аялдамаға дейін кейде кішкентай балалардың өздері тынышсызданып, телефонға жармасып, сондай жағдай болып жатады ғой. Бұл жерде сондай балалаларға түрлі түсті кітаптарды беріп қоюға болады. Яғни, кімге кітап керек, кімнің жан дүниесіне жақын? Сөреден қолын созып, кітапты алып, өзіңнің қажетіне жарат. Егер енді мүлдем сол кітап өзіне ұнап тұрған болса, ол кітапты алып кетуге де рұқсат!