$541.34 €640.73 ₽6.53
×

Трамп Иран халқына көмектесемін деп мәлімдеді

Трамп Иран халқына көмектесемін деп мәлімдеді

"Қарсыласуды тоқтатпаңдар, ғимараттарды басып алыңдар. Сәл шыдасаңдар, жақын арада көмек келеді". Трамп Иран халқына үндеу жасады. Иран билігі болса, АҚШ-пен соғысуға әзір екендігін жеткізді. Ал, Гренландия басшысы арал ешқашан АҚШ қарамағына өтпейді, - деп мәлімдеді. Шартараптағы соңғы жаңалықтарды Еркелді Тілеуқұл шолып шықты.

Трамп Иран халқына қолдау көрсетеді. Сәл шыдасаңдар, көмек келе жатыр, - дейді АҚШ Президенті. Одан бөлек, жаппай наразылық кезінде не істеу керектігі туралы сатылы кеңес  берді. Сөз соңында Трамп, Иранды қайтадан Ұлы ел ететінін айтты.

ДОНАЛЬД ТРАМП, АҚШ ПРЕЗИДЕНТІ:

Құрметті ирандықтар! Наразылықты тоқтатпаңдар, мемлекеттік мекемелерді басып алыңдар. Барлық қаскөйлердің есімі бар тізімдерді бірінші болып алу керек. Олар болашақта өз қылмыстары үшін жауап береді. Мен барлық жұмысымды ысырып қойып, Иран мәселесімен айналысып отырмын. Көмек келе жатыр. Сәл шыдаңыздар.

Бірақ, Иран билігі Трамптан қорықпайды. Қажет болса, АҚШ-пен соғысамыз, - дейді Иран Сыртқы Істер министрі Аббас Аракчи. Сыртқы саяси ведомство басшысының айтуынша, көшеге шыққан лаңкестерді АҚШ сырттан қолдап отыр.

АББАС АРАКЧИ, ИРАН СЫРТҚЫ ІСТЕР МИНИСТРІ:

2 жыл бойы Израильдік лаңкестерге көз жұма қараған АҚШ және Батыс елдері Иранды ыдыратпақ болған террористерді қолдап жатыр. Қазір біздің елде жағдай тұрақты. Әлбетте, Трамптың әрекеттері туралы біліп жатырмыз. АҚШ ешқашан бізді жеңе алмаған. Екі рет шабуыл жасаған. Екеуінде де сәтсіздікке ұшырады. Бұл жолы да жағдай дәл солай өрбиді.

Гренландия ешқашан АҚШ құрамына өтпейді. Өйткенше, өлгеніміз артық. Гренландия Премьер-министрі Йенс-Фредерик Нильсен осылай деді. Арал басшысы, отарлыққа еш гренландиялық келіспейді, - деп сеніммен айтты.

ЙЕНС-ФРЕДЕРИК НИЛЬСЕН, ГРЕНЛАНДИЯ ПРЕМЬЕР-МИНИСТРІ:

Қазір біз үлкен геосаясми дағдарысқа ұшырадық. Егер АҚШ пен Дания ортасында таңдау берілсе, әрине, біз Данияны таңдаймыз. Біз НАТО мен Еуропалық Одақты таңдаймыз. Біздің керемет аралымызды, атадан мұра болып қалған жерімізді ешқашан АҚШ басқармайды.

Бірақ, НАТО ұйымының бас хатшысы Марк Рютте тараптарды сабырға шақырды. Оның айтуынша, бір қорғаныс ұйымының ішінде болғандықтан, өзара алауыздыққа жол бермеу керек. Керісінше, Альянс болашақта қарсыластарға төтеп беруді ойлау керек, - дейді Рютте.

МАРК РЮТТЕ, НАТО БАС ХАТШЫСЫ:

Еуропалық одақтастарға айтарым, Трамптың әрбір сөзіне пікір білдіріп, ашуға булықпаңыздар. Дегенмен, АҚШ Президентінің бір тұжырымымен келісемін. Ресей мен Қытай Арктика мен Гренландияға қызығушылық білдіріп отыр. Біз болмасақ, тіпті, басып алар еді. Сондықтан, біріге отырып, оларға тойтарыс беруге дайындалуымыз қажет.

Таиландтың солтүстік-шығысында жолаушылар пойызы апатқа ұшырады. Құрылыс краны теміржолға құлап, пойыз рельстен шығып кетті. Соңғы ақпарат бойынша 25 адам қаза тауып, 60 астам адам ауыр жарақаттанған.