$541.34 €640.73 ₽6.53
×

"Сатылатын абырой, киноматографиядағы мафия", - депутаттар өзекті мәселелерді көтерді

"Сатылатын абырой, киноматографиядағы мафия", -  депутаттар өзекті мәселелерді көтерді

"Сатылатын абырой, киноматографиядағы мафия". Бүгін мәжіліс жылдың алғашқы отырысын өткізді. Депутаттар жөн-жосықсыз саудалған атақ пен марапатты қысқартуға шақырды. Әрі фильм прокатынан әділетсіз пайда бөлісіп отырғандарды тексеру керек десті. Ауыл-аймақтың хәлін көзбен көріп келген халық қалаулылары мінберден тағы не айтты? Әріптесім Айсәуле Съезбек тарқатсын.

Өңірлерді аралап келген депутаттар ел базынасын Парламент төрінде көтеруге білек сыбана кірісті. «Орташа табыс қақпанынан» шыға алмай отырған халықтың қалтасын қаққан қымбатшылыққа көз жеткізіп, қынжылып қайтқандарын жасырмады.

ЕРЛАН САИРОВ, ҚР ПАРЛАМЕНТІ МӘЖІЛІСІНІҢ ДЕПУТАТЫ, «AMANAT» ФРАКЦИЯСЫНЫҢ МҮШЕСІ:

Аймақтардағы ең негізгі проблема – баға мәселесі. Яғни, бүгін азық-түлікке баға өсіп бара жатыр. Сондықтан біз Үкіметпен бірігіп отырып, әсіресе, әлеуметтік маңызы бар азық-түліктердің бағасын тұрақтандыру бойынша белгілі бір механизмдерді ойластыратын боламыз. Ол – Отандық өндіруші мен магазиннің арасындағы делдалды алып тастау, + тұрақтандыру қорларын қалыптастыру.

РИНАТ ЗАЙЫТ, ҚР ПАРЛАМЕНТІ МӘЖІЛІСІНІҢ ДЕПУТАТЫ, «AMANAT» ФРАКЦИЯСЫНЫҢ МҮШЕСІ:

Халықтың шағымы үнемі біреу ғой. Әр өңірдің өңірлік проблемаларынан бөлек, қымбатшылыққа, содан кейін инвесторлар мен жергілікті кәсіпкерлерге ұсынылып жатқан жағдай жер мен көктей айырмашылық. Бұл көптеген кәсіпорындардың жабылуына  әкеп соғып жатыр. Ол да өкінішті жағдай. Менің өзімнің жеке ойым – айқайлап ұрандатқаннан гөрі, нақты халықтың назарын аударатын шешім керек.

Қалтасы қағылып жатқан тек халық емес. Қымбатшылықты депутаттардың өзі сезіп жатырмыз деп ашығын айтты.

САМАТ НҰРТАЗА, ҚР ПАРЛАМЕНТІ МӘЖІЛІСІНІҢ ДЕПУТАТЫ, «AMANAT» ФРАКЦИЯСЫНЫҢ МҮШЕСІ:

Кеше ғана мен бензин құйдым өз көлігіме. 309 теңге литрі. Маған сезіліп жатыр кәдімгідей. Қымбатшылық бар. Нан 220 теңге. Сезіле ме? Сезіледі. Біз отбасымызда 5 адамбыз. Ал егер отбасыда 10 адам болса, 2-3 нан жейді. Ол сезіледі ғой күнделікті. 30-ға көбейтіңіз. Ол қалтаға кәдімгідей салмақ.

Жаңа жылдың алғашқы отырысына осылайша мәжілісмендер жаңа қарқынмен келген.

Жалпы 14 түрлі заң жобасын талқылады. Оның ішінде мемлекеттік қызмет, Алатау қаласының арнайы мәртебесі, инвестициялық қорлар мен машина жасау саласын дамыту мәселелері бар. Сонымен қатар Еуразиялық экономикалық одақ шеңберінде тауарлардың шығарылған жерін нақты айқындауға қатысты халықаралық құжат қаралды. Бұл сұр реэкпорт схемаларының алдын алуға мүмкіндік береді. Дәл осы мәселені түсіндіруге келген Сауда және интеграция вице-министрі Айдар Әбілдабеков депутаттардың сауалына нақты жауап бере алмай, қайта-қайта күрсінді.

Мұны байқаған мәжіліс төрағасы Ерлан Қошанов шенеулікке шүйлікті.

ЕРЛАН ҚОШАНОВ, ҚР ПАРЛАМЕНТІ МӘЖІЛІСІНІҢ ТӨРАҒАСЫ, «AMANAT» ПАРТИЯСЫНЫҢ ТӨРАҒАСЫ:

Бұл жерде депутаттардың қойып жатқан сұрақтары осы заң жобасының аясында ғана. Енді бұл сіздердің күнделікті істеп жүрген жұмыстарыңыз ғой. Оған қалай жауап бере алмайсыз? Сіз «мен бұл мәселенің кураторы емеспін» дейсіз. Бұл жерге келген министрліктің өкілі барлық сауалға жауап беруге дайын болуы қажет. Әйтпесе келудің қажеті жоқ, басқа вице-министр келуі керек еді.

Соңғы 5 жылда жол-көлік апатынан 12 мың адамның ғұмыры қиылды. Оның 1 мыңнан астамы – бала. Былтыр 32 мың адам тас жолдағы трагедиядан жапа шегіп, мың жарымы қаза тапты. Депутат Нартай Сәрсенғалиев  жазатайым оқиғалардың алдын алу үшін жүргізуші жауапкершілігін қатаңдатуды ұсынды. Былтыр техника тізгіндегендер 9,7 млн рет ереже бұзған. Ал 16 мыңы мас күйінде көлік айдапты.

НАРТАЙ СӘРСЕНҒАЛИЕВ, ҚР ПАРЛАМЕНТІ МӘЖІЛІСІНІҢ ДЕПУТАТЫ, «AMANAT» ФРАКЦИЯСЫНЫҢ МҮШЕСІ: 

Сондықтан жол ережесін бірнеше рет өрескел бұзғандарды қайта емтихан тапсыруға міндеттеу керек. Екіншіден, жүргізуші куәлігін заңсыз беру фактілерін түбегейлі тоқтату керек. Интернетте «250 мың теңгеге куәлік жасап беремін» деген жарнамалар өріп жүр. Соңғы жылдары осындай 222 қылмыстық факт анықталған. Жаза қатаңдамай, бұл мәселе шешілмейді.

Кинотеатр иелері фильм прокатынан түскен табыстың 50 процентін алып отыр. Тіпті мемлекеттік бюджетке түсірілген туындылардың да алғашқы күндердегі түсімінен үлесін бірден қағып алады. Киноны танымалырақ ету үшін қосымша «көлеңкелі жарналар» да төлейтін көрінеді. Киноматография өкілдері әділетсіздікті ашық айтуға қорқып, депутаттарға өтініш жолдаған.

ЕЛНҰР БЕЙСЕМБАЕВ, ҚР ПАРЛАМЕНТІ МӘЖІЛІСІНІҢ ДЕПУТАТЫ, «AMANAT» ФРАКЦИЯСЫНЫҢ ЖЕТЕКШІСІ:

Осыған байланысты, жоғарыда айтылғандарды негізге ала отырып, кинотеатрлар, прокатшылар және киностудиялар арасындағы келісімшарттарды тексеруді, сондай-ақ кинотеатр желілерінің өздерінің үстем жағдайын пайдалана отырып, кассалық түсімнің 50 пайызын негізсіз алу фактілері бойынша кешенді тексеру жүргізуді сұраймыз.

Атаққұмарлық қоғам дертіне айналды. Марапат базарда сатылатын сувенирдей таратылғанын мәжілісмен Мақсат Толықбай көтерді. Атақ-абырой арқылы заңсыз сауда жасағандарға құқықтық баға беруге шақырды.