$541.34 €640.73 ₽6.53
×

"Біз қайғылы жағдай орын алғаннан кейін ғана әрекет етеміз", - депутат

"Біз қайғылы жағдай орын алғаннан кейін ғана әрекет етеміз", - депутат

Біз қандай да бір қайғылы жағдай орын алғаннан кейін ғана әрекет етуіміз керек пе? "Роблокс" ойынына қатысты мәжілісмен Үнзила Шапақ депутаттық сауал жолдады. Әлемннің бірқатар елі бұл ойынды әлдеқашан бұғаттаған. Ал бізде шектеу қойылмаған. 

НАЗЕРКЕ АЛТЫНБЕК, ТІЛШІ:

Бұл ойынның зияны туралы әлеуметтік желіде біраздан бері талқыланып жүр. Қоғам белсенділері, психологтар дабыл қаққаны туралы да жақсы білеміз. Бірақ қазір мен осы видеолардың астына жазылған пікірлерді қарап тұрмын. Байқасам, жасөспірімдер реакция қалдырған екен. Бірі "мамам көріп қоймасын" десе, енді бірі "өлген жоқпыз ғой" деп мысқылдаған.  Әлеуметтік желіде ата-аналар назар аудармаған секілді, ал өмірде бұған қалай қарайды екен? Бірге білейік.

БЛИЦ:

- Роблокс жоқ, өшіріп тастағам мен оны. Бұрын болған. Балаларды суицидке итермелейді.

- Ойнамайды ондай ойындарды. Қарсымын, кезінде ойнаған, бірақ мен көбінде қарсымын, ұрсып телефонын алып қоямын.

- Әрине, қорқамыз, мынандай заманда неше түрліні көріп жатырмыз, өлтіріп жатыр. Сосын ойнатпаймыз ондай ойын.

Роблокс платформасын күн сайын 150 миллионға жуық адам пайдаланады. Оның басым бөлігі кәмелетке толмаған балалар мен жасөспірімдер. Компания өзін «балалар үшін ең қауіпсіз орта» ретінде көрсеткенімен, секундына 50 мыңнан астам хабар ағылып жатқан ортаны толық бақылауға алу да мүмкін болмай тұр.

ҮНЗИЛА ШАПАҚ, ҚР ПАРЛАМЕНТІ МӘЖІЛІСІНІҢ ДЕПУТАТЫ, «AMANAT» ФРАКЦИЯСЫНЫҢ МҮШЕСІ:

"Роблокс" сияқты ашық онлайн платформаларда кәмелетке толмаған балаларға қатысты қылмыстық ниеті бар тұлғалардың, соның ішінде педофильдер мен алаяқтардың белсенді әрекет ететіні туралы деректер бар. Чат арқылы баланың сеніміне кіріп, кейіннен роблокстан телеграмға көшіп, құпия кездесуге шақырады және аяғы қайғылы оқиғамен аяқталуы мүмкін.

Бұл ойынның балалар арасында кең тарап бара жатқанын байқаған қала тұрғыны Бибінұр Абжанова да бейжай қалмаған. Інісінің неге Roblox-қа сонша әуес екенін түсіну үшін, ол ойынды өзі ойнап көрген. Айтуынша, 8 жастағы балаларға арналған деп айтуға мүлде келмейді.

БИБІНҰР АБЖАНОВА, ҚАЛА ТҰРҒЫНЫ:

Маған бұл ойын гипноздайтындай көрінді. Өте қатігез әрі түсініксіз ойын. Балалар оған қалай кіріп кеткенін және қалай тәуелді болып қалғанынын өздері де түсінбей қалады деп ойлаймын. Себебі, өзім ойнағанда қандай да бір балаларды өзіне тартатын үлкен психологиялық түрде жасалғанын байқадым. Ол жерде әртүрлі адам ойнайды. Сөйлеседі, тіпті, танысу үшін жазады. Сені мақтап, өзіне тартып алып кетеді. Мен өз басым, баланың өмірде ойнағаны дұрысырақ деп санаймын.

Мамандар мұндай жағдайда ата-ананың рөлі маңызды екенін айтады. Тыйым салып, ұрыса бермей, баламен ашық сөйлесіп, тең дәрежеде түсіндіру маңызды. Өйткені қатаң қысым баланың қарсылығын күшейтіп, оны ойынға одан әрі тәуелді етуі мүмкін.

ПЕРИЗАТ МАМБЕТОВА, НЕЙРОПЕДАГОГ:

Ондай ойынды көп ойнаған балаларда шамадан тыс агрессия болады. Бәрі оған міндет сияқты, барлығы олардың айтқанын істеу керек сияқты, тек қана соныкі дұрыс сияқты. Өйткені, ойында сол нәрсені береді ғой. Сондай позиция ұсынады ғой, бір-біріне күшті қолдау көрсетеді.  Жаман сөз айтса, келесі бір адам жаман сөз айтуы мүмкін.  Баланың ойында бұл "норма" деп қабылдайды. Норма деп қабылдауы - өте үлкен бұзылыстарға алып келеді.

Айта кетейік, Roblox ойыны Түркия, Қатар, Ресей, Қытай, Иран, Солтүстік Корея секілді бірқатар елде ресми түрде бұғатталған. Ал елде бұл платформаға қатысты әлі күнге дейін нақты шектеу де, кешенді сараптама да жүргізілмеген. Ал мамандар мен депутаттар «қайғылы жағдайды күтпей, алдын алу шараларын қазірден бастау керек» деп отыр.