$541.34 €640.73 ₽6.53
×

Алматыда Цифрлық кодексті талқылауға арналған кездесу өтті

14.01.2026ж. 19:00
Алматыда Цифрлық кодексті талқылауға арналған кездесу өтті

Алматыда Цифрлық кодексті талқылауға арналған кездесу өтті. Отырыстың негізгі мақсаты – кодекстің маңыздылығын айқындап, оның IT, білім беру саласына, бизнеске және адам құқығына ықпалын саралау. Жиынға Мәжіліс депутаты, «AMANAT» фракциясының мүшесі Екатерина Смышляева қатысып, жақында қабылданған Цифрлық кодекске ғылыми-практикалық түсіндірме жүргізді. Бұл – еліміздегі цифрлық экономиканың, жасанды интеллект пен деректер айналымының құқықтық негізін қалыптастыруға негізделген құжат. «Оның қоғамға қажеттілігін жіті түсіну үшін осындай ашық диалогтар өткізу өте маңызды», - дейді депутат. 

ЕКАТЕРИНА СМЫШЛЯЕВА, ҚР ПАРЛАМЕНТІ МӘЖІЛІСІНІҢ ДЕПУТАТЫ, «AMANAT» ФРАКЦИЯСЫНЫҢ МҮШЕСІ:

Бүгін біз IT-қауымдастық өкілдерімен кездесу өткізіп жатырмыз. Жақында Президент Цифрлық кодекске қол қойды. Бұл – «AMANAT» партиясы фракциясының депутаттары бастамасымен құрылған заң. Қазір біз кәсіби орта өкілдерімен осы кодекстің негізгі ережелерін белсенді түрде талқылап жатырмыз, өйткені алдағы уақытта оған қатысты нормативтік құқықтық актілер әзірленеді. Алда атқарылатын жұмыс көп. Сондықтан бұл кодексті тікелей қолданатын нарық қатысушылары мен құқық қолдану тәжірибесі бар мамандардан кері байланыс алу біз үшін өте маңызды.

Елімізде 115 Жоғары оқу орнының жартысынан көбі IT және цифрландыру бағытында маман даярлайды. Яғни, бүгінде сұранысы жоғары салалардың бірі. Оның үстіне бұл еңбек нарығы ел келешегі үшін білікті жұмыскерлерді көбірек қажет етеді.

ҒАНИ НЫҒМЕТОВ, Ғ.ДӘУКЕЕВ АТЫНДАҒЫ АЛМАТЫ ЭНЕРГЕТИКА ЖӘНЕ БАЙЛАНЫС УНИВЕРСИТЕТІНІҢ РЕКТОРЫ:

Қазір көптеген нәрселерді цифрлы түрде жасаймыз. Біздің ол жерде данныйларымыз пайда болады, оны қалай жүйелі түрде қолдануға болады, оларға қалай қауіпсіздік жасауға болады, соның бәрін осы кодекс жүйелеп отыр, жасап отыр. Көптеген жастар бізге осы Айти мамандыққа түсіп жатыр. Өйткені, Айти саласының болашағын бәрі түсінеді.