$541.34 €640.73 ₽6.53
×

Еріктілер қарияларға көмектесті

14.01.2026ж. 19:00
Еріктілер қарияларға көмектесті

Оралдық еріктілер көмекке мұқтаж қарияларды қамқорлығына алды. "Ардагерлерді ардақтайық" жобасы бойынша жастар оннан астам ардагерге қол ұшын созып, ауласын қардан тазартқан. Бүгінде жүздеген зейнеткер "AMANAT" партиясының қамқорлығында. Жәрдемдесуге жыл он екі ай бойы әзір жүретін жастар жазда олардың ауласын тазалап, шөбін отайды. Ал қыста қарын күреп көмектеседі. Бұл жолы жастар мүгедектердің қоғамдық бірлестігінің ауласын тазартты. Бұдан кейін кезек еңбек ардагері Алексей Саблинге келді. 91 жастағы қария қазір жалғыз тұрады. Қар басқан ауласынан шыға алмай қиналған ақсақал еріктілердің көмегіне қатты қуанды.

ҚУАНЫШ ТІЛЕШОВ, №1 МАМАНДАНДЫРЫЛҒАН ӨРТ СӨНДІРУ БӨЛІМІНІҢ АҒА ӨРТ СӨНДІРУШІ ҚҰТҚАРУШЫСЫ:

Қазіргі кезде үлкен кісілердің көбісі жалғызбасты, тоқсаннан асқан кісілер. Қазіргі қыс мезгілінде үй ауласында жүріп-тұруы, әрірекке сыртқа шығуы қиындау. Сол кісілерге көмектесу - біздің басты парызымыз. Осы акция барысында біздер көмектесіп, ауласындағы қарын шығаруға келдік. Акция барысында "AMANAT" партиясының "Жастар рухы"мен бірлесіп, жастармен бірлесіп осылай көмектескен жағдайымыз бар.

Ал, алматылық еріктілер 90 жасты алқымдаған тыл еңбеккері Айымкүл Әниятованың шаңырағына барып, қолғабыс болды. Тұрмыстық көмек көрсетуге 15-тен аса студент келді. Қыздар кейуананың үйін тазалап, ыдыс-аяқтарды жуса, жігіттер есік алдына үйіліп қалған қалың қарды күреп жинастырды. Олар шаң сүртіп қана қоймай, домбырамен күй тартып, қарт кісінің көңілін аулады. Мәз болған ардагер қол ұшын созған белсенділерге батасын беріп, өнегелі өмірінен бірнеше естелікпен бөлісті.

АЙЫМКҮЛ ӘНИЯТОВА, ТЫЛ АРДАГЕРІ:

Мен бұларға өте ризамын. Бұл бірінші рет емес, бұдан бұрын да келген бұлар. Жақсы ниеттеріне, жақсы істеріне өте риза болам. Келіп, ауланы тазалайды, үйдің ішін тазалайды. Қиын жұмыстарды істейді. Айтқаныңның бәрін істейді. Өзім осыларға 1-2 сөз айтып, осыларға өзімше ақылымды айтқан болып, өлеңімді оқып беріп, сөйткеніме сондай қуаныштымын. Мақтанамын.