Мәскеулік ЦСКА академиясының түлегі Лайонел Адамс Подмосковьеде көпқабатты тұрғын үйдің терезесінен құлап, дәрігерлер келгенге дейін көз жұмды, – деп жазды 1bol.kz.
Бұл ақпаратты Mash на спорте телеграм-арнасы таратты. Дереккөздің мәліметінше, футболшы оқиға болған сәттен бұрын ялтиндік «Рубин» сапында ойнаған Тимур Магомедовтың үйінде қонақта болған.
Айта кетейік, бұған дейін Лайонел Адамс пен Тимур Магомедов белгісіз адамдардың шабуылына ұшыраған. Өткен жылдың желтоқсан айында БАҚ-та шамамен 10 адамның футболшыларға шабуыл жасағаны, сөзге келу төбелеске ұласқаны және нәтижесінде Адамсқа оқ атылғаны хабарланған еді. Оқиғадан кейін футболшы жедел түрде ауруханаға жеткізіліп, дәрігерлер оның санынан оқ тигенін және ернінде жыртылған жара барын анықтаған.
Еске сала кетейік, Лайонел Адамс 2020-2022 жылдары Қазақстан Премьер-лигасында «Каспий» мен «Тұран» сапында өнер көрсетті. Ал 2023-2025 жылдар аралығында «Жетісу» және «Шахтёр» командаларында ойнаған.
Қазақстан футболына да қатысы болған экс-ойыншы 31 жасында өмірден өтті.