Ұлттық банктің статистикасына сүйенсек, бір жыл ішінде халықаралық резерв 19,9 млрд долларға немесе 45,65% өскен.
Бұл — бүкіл тарихымыздағы рекордтық көрсеткіш, ал пайыздық қатынаста 2006 жылдан бергі ең жоғары өсім. Тек желтоқсан айының өзінде резервтер 6,2% ұлғайды.
ҚР таза халықаралық резервтері еркін айырбасталатын валютадағы (ЕАВ) активтер мен монетарлық алтыннан тұрады (бұдан Ұлттық банктің міндеттемелері шегеріледі).
Ұлттық банк резервтерінің өсімі толықтай дерлік монетарлық алтын есебінен болды. Оның қоры бір жылда бірден 98% немесе 23,4 млрд долларға артып, 47,2 млрд долларға жетті. Желтоқсан айындағы өсім қарқыны 6%-ды құрады.
Ал резерв құрамындағы валюталық активтер, керісінше, 2025 жылы 15,9% төмендеп, 18,5 млрд доллар болды. Өткен жылдың соңғы айында олар 7,2% ғана өскен.
Ұлттық банктің міндеттемелері жыл соңына қарай 2,3 млрд долларды құрады. Бұл көрсеткіш бір жыл ішінде айтарлықтай өзгере қойған жоқ (2024 жылдың соңында 2,2 млрд доллар болған).