$541.34 €640.73 ₽6.53
×

«Несие кешіріліп жатыр»: Не істеу керек?

15.01.2026ж. 19:00
«Несие кешіріліп жатыр»: Не істеу керек?

"Несие кешіріледі. Енді екінші деңгейлі банктен кредит алғандар қарызын қайтармауына болады". Әлеуметтік желіде осындай ақпарат тарады. Ол үшін сол жазбаны қалдырған заңгерге хабарласып, теңгесін ұстатсаң болды. Дер кезінде несиені төлемейтіндей жағдай жасайды екен. Бұл қаншалықты рас? Аружан Задабек тараптармен тілдесті.

Халықтың «кредитіміз кешіріледі» деп шуалдап жүргеніне бір аптадан асты. Теңгесін төлей алмай, тентіреп, тығырыққа тірелгендерге «Тредс» желісі тиімді жолды ұсыныпты. Дипломсыз заңгерлер заң аясында барлық қарызыңызды жоқ қыламыз деп уәдені үйіп-төгіп жатыр.

Осындай жолсілтегіштер «Жусан, Халық, Алатау, Береке банктерінде» берешегі барларды іздеп жүр. Айтуларынша, бұл ұйымдардың аяқ асты рақымшылығы ояныпты. Ал аңқау ел арамза молданың дегеніне шүбәсіз сеніп отыр. Енді  тіршілігіміз тураланатын болды деген тұрғындар пысықайларға жарыса жазып жатқан көрінеді.

ҒАЛЫМЖАН КЕРІМБЕК, ЭКОНОМИКА ҒЫЛЫМДАРЫНЫҢ ДОКТОРЫ:

Мұнын алдында да осындай мәселелер орын алып, ол кезде де бірақ несиелер кешірілген еді. Енді біз осы шара арқылы жеке тұлғаның, заңды тұлғаның мемлекет алдындағы жауапкершілігін біз азайтамыз.

Халықтың шу ете қалғаны сол еді Қаржы нарығын реттеу агенттігі мәселеге қатысты пікір білдірді. Елде ешкімнің қарызы кешіріліп жатқан жоқ. Желіде тараған бұл ақпарат шындыққа жанаспайды.

ДАМИЛЯ БАЙДІЛДАЕВА, ҚР ҚАРЖЫ НАРЫҒЫН РЕТТЕУ ЖӘНЕ ДАМЫТУ АГЕНТТІГІНІҢ БАСҚАРМА БАСТЫҒЫ:

Әлеуметтік желілерде таратылып жатқан екінші деңгейлі банктердегі кредиттердің есептен шығарылатыны туралы ақпарат шындыққа сәйкес келмейді. Жалған ақпаратқа сенбеулеріңізді, тек ресми ақпарат көздерін пайдалануларыңызды сұраймыз. Сондай-ақ әртүрлі делдалдардың көмегіне жүгінбеуге кеңес беремін.

Желідегі заңгерлер халықтың жанды жерінен басты. Жұрттың жармаса кетуі де содан. Жауапты орган мұның жалған екенін айтса да, әлі күнге дейін осы ақпаратқа сеніп, алаяқтардың арбауына түсіп жатқандар аз емес.

РАУАН ЕСБЕРГЕНОВ, ЗАҢГЕР:

Графиктер жасап береміз, кепілдік береміз деп заңгерлер өздерін жарнамалап жүр. Мен оған күдікпен қараймын. Біз таңқаламыз, адам қалай кепілдік бере алады? Біреудің қарызы бойынша біреуге график жасап беремін деп? Бұл заң бойынша, заңға келетін болсақ, қарыз берген адамды график жасауға міндеттеуге болмайды.

Елде екінші деңгейлі банк саны – 23. Олар былтыр 24,6 трлн теңгеге кредит берген. Үлкенді айтпағанда, ересек өмірге қадамын қарыз алудан бастайтын жас көбейді. 21 жасқа дейінгі 19 мың қазақстандықтың микронесие бойынша мерзімі өткен қарызы бар.