Тарихи мұраға тағзым тазалықтан басталады. "Таза бейсенбі" акциясы аясында түркістандықтар киелі орындардың айналасын тазалады. Ал жамбылдықтар жол бойындағы қоқыстарды жинады. «AMANAT» партиясы ұйытқы болған бастамадан Алматы облысының белсенділері де қалыс қалмады.
«Таза бейсенбі» экологиялық акциясы өңірдегі республикалық маңызы бар тарихи-мәдени ескерткіштерінің бірі – Аппақ ишан сәулет кешенінде ұйымдастырылды. Қазақстанның жалпыұлттық қасиетті нысандар тізіміне енген бұл кешен – халқымыздың діни-ағартушылық мұрасын айшықтайтын бірегей нысан. Осы қасиетті жерде өткізілген экологиялық акция аясында тарихи кешен аумағы тазаланып, айналасы ретке келтірілді. Іс-шараға партияның жергілікті өкілдері, музей қызметкерлері мен "Жастар Рухы" жастар қанатының еріктілері қатысты.
АҚБАЛА ҚҰЛЫМБЕТ, «AMANAT» ПАРТИЯСЫ БӘЙДІБЕК АУДАНДЫҚ ФИЛИАЛЫНЫҢ ТӨРАҒАСЫ:
Акцияның негізгі мақсаты – экологиялық мәдениетті қалыптастыру, партиотизмді дамыту. Әр бейсенбі сайын барлық елдерде «Таза Қазақстан» акциясы жүруде. Яғни әрбір ұжым ғана емес, әрбір ауылдағы үйлер де өзінің жан-жағын тазалап, барынша "Таза Қазақстан" акциясына өздерінің үлестерін қосуда.
Ал Алматы облысы Қарасай ауданына қарасты Райымбек ауылдық округінде жұрт жаппай тазалау жұмыстарын жүргізді. Іс-шараға мәслихат депутаттары мен еріктілер белсенді ат салысты. Жиналғандар ауа райының қолайсыздығына қарамастан көше бойларындағы қоқысты тазалады. Жүйелі жүргізілген шара нәтижесінде ауыл ішінен екі тоннадан аса тұрмыстық қалдық шығарылды.
ДӘУРЕН ТӨЛЕГЕНҰЛЫ, ҚАРАСАЙ АУДАНДЫҚ МӘСЛИХАТ ДЕПУТАТЫ, “AMANAT” ФРАКЦИЯСЫНЫҢ МҮШЕСІ:
Қазіргі таңда Жаркент көшесінде Райымбек ауылдық округінде "Таза Қазақстан" акциясына жинап жатырмыз. Қазірге таңда 50-ге жуық адамымыз бар. Екі тоннадан аса мусор жинадық. Мақсатымыз енді мынау өскелең ұрпаққа үлгі болсын деп және Қазақстанымыз, еліміз таза болсын деп мақсатымыз солай.
Қоршаған ортаны қорғауға бағытталған «Таза бейсенбі» экологиялық акциясынан жамбылдықтар да шет қалмады. Аманаттықтар бүгін Әулиеата өңіріндегі облыстық маңызы бар жолдарға тазалық жұмыстарын жүргізді. Жамбыл ауданының белсенді жастары Аса–Қаракемер–Өрнек ауылдарын байланыстыратын күре жолдағы тұрмыстық қалдықтарды жинады. Бұл шарада «Жастар Рухы» жастар қанаты қалыс қалмай, аудандық мәслихат депутаттары мен спорт саласының мамандары да мейлінше көмек көрсетті.