Қарағанды қаласының 42 жастағы тұрғыны жұмыс орнында әмиянынан ақшасының жоғалғанын анықтаған. Бұл оқиға отбасылық бюджетке елеулі зиян келтіретінін түсінген әйел дереу полицияға жүгінді. Оқиға орнына жедел жеткен Киров полиция бөлімінің жедел тергеу тобы мән-жайлардың барлығын жан-жақты тіркеп, қажетті тексеру жұмыстарын жүргізді. Жәбірленуші ұрланған қаражаттың нақты сомасы мен купюраларының номиналын толық сипаттап берді. Жедел уәкілдер оқиға орнында болған адамдардан жауап алып, қысқа уақыт ішінде күдіктінің ізіне түсті. Полицейлер шұғыл әрекет етіп, күдіктінің 23 жастағы Қарағанды қаласының тұрғыны екенін анықтады. Жеке тінту барысында жәбірленуші көрсеткен сома мен купюралар номиналына толық сәйкес келетін ақша табылды. Аталған дерек бойынша бөтен мүлікті ұрлау фактісімен сотқа дейінгі тергеп-тексеру жүргізілуде. Полиция қызметкерлерінің жедел әрі кәсіби іс-әрекеттерінің нәтижесінде тұрғын өз қаражатын қайтарып алып, Жаңа жыл мерекесін алаңсыз қарсы алды.