$541.34 €640.73 ₽6.53
×

Оңтүстік Кореяда экс-президентке қатысты сот үкімі жарияланады

16.01.2026ж. 10:31
Оңтүстік Кореяда экс-президентке қатысты сот үкімі жарияланады
Фото: Yonhap

Оңтүстік Кореяның бұрынғы президенті Юн Сок Ёль осы аптада 2024 жылғы желтоқсанда әскери жағдай енгізуге талпынуына байланысты қозғалған істер бойынша алғашқы сот үкімін естиді.

Сеулдің орталық аудандық соты билік өкілдерінің қызметіне кедергі келтіру және бірқатар ілеспе айыптар бойынша үкімді жұма күні сағат 14:00-де жариялауды белгіледі. Іс Юн Сок Ёльдің әскери жағдай енгізу жөніндегі сәтсіз әрекетіне және оны жоюдан кейінгі қадамдарына қатысты.

Аталған шешім экс-президент айыпталушы ретінде қатысып отырған сегіз қылмыстық істің ішіндегі алғашқысы болмақ. Бұл істердің қатарында 2024 жылғы 3 желтоқсанда әскери жағдай жарияланғаннан кейін бүлік ұйымдастырды деген айып та бар.

Қаралып отырған үкім 2025 жылғы қаңтарда тергеушілердің Юн Сок Ёльді ұстауына кедергі келтіру деректеріне, әскери жағдай мәселесі бойынша өткен кеңеске шақырылмаған министрлер кабинетінің тоғыз мүшесінің құқықтарын бұзуға, сондай-ақ әскери жағдай туралы жарлықтың өңделген нұсқасын дайындап, кейін оны жоюға байланысты эпизодтарды қамтиды.

Өткен айда арнайы прокурор Чо Ын Сок экс-президентке 10 жылға бас бостандығынан айыру жазасын тағайындауды сұрап, биліктен шеттетілген көшбасшы мемлекеттік органды өз әрекеттерін жасыру және ақтау үшін жеке мақсатта пайдаланғанын мәлімдеді.

Соттағы соңғы сөзінде Юн Сок Ёль президенттің қауіпсіздік қызметін өз ұсталуының алдын алу үшін тарту орынды болды деп мәлімдеп, мемлекет басшысының қауіпсіздігін қамтамасыз ету шаралары шамадан тыс деп бағаланбауы тиіс екенін айтты.

Бұл іс Сеулдің орталық аудандық сотының басқа құрамы негізгі айып – бүлік ұйымдастыру бойынша үкім шығарғанға дейін аяқталады. Аталған іс бойынша тыңдау 19 ақпанға белгіленген. Ал сейсенбі күні арнайы прокурорлар тобы әскери жағдай жариялау арқылы бүлікке басшылық жасады деген айыппен Юн Сок Ёльге өлім жазасын сұраған.

Қалған алты іс өзге екі арнайы прокурорлар тобының тергеуінде. Олар экс-президенттің жұбайы, бұрынғы бірінші ханым Ким Кён Хи қатысты болуы мүмкін сыбайлас жемқорлық деректеріне, сондай-ақ 2023 жылы теңіз жаяу әскері қызметкерінің қаза табуын тергеуге ықтимал араласу мәселелеріне байланысты.