2GIS мәліметіне сәйкес, қаланың барлық негізгі көшелері «қызыл» және тіпті «қою қызыл» түспен боялған. Жалпы қала бойынша кептеліс деңгейі — 10 балл.
Әдетте адамдар жұмыстан қайтар кезде басталатын кептелістің күні бойы азамай тұруының басты себебі — қалада тоқтамай жауып тұрған қалың қар.
Еске салайық, Алматының коммуналдық қызметі ауа райына байланысты күшейтілген режимге көшті. «Қазгидромет» РМК мәліметінше, 15 қаңтардан 16 қаңтарға қараған түні басталған қар 17 қаңтар кешке дейін жалғасады.
Алматы әкімдігі тәулік бойындағы жұмысқа 1 030 арнайы техника, сондай-ақ жеке ұйымдардан 200 техника мен 2 710 жұмысшы жұмылдырылғанын хабарлады. Аула аумақтарын тазалау жұмыстарына 1 790 жұмысшы мен 256 арнайы техника тартылған. Ал аудан әкімдіктерінде атқарылып жатқан жұмыстардың орындалуын бақылау мақсатында тәулік бойғы кезекшілік енгізілді.