$541.34 €640.73 ₽6.53
×

Өлі адам «емделген», еркектер жатыр тексерткен

Өлі адам «емделген», еркектер жатыр тексерткен

МӘМС-ке қатысты масқара мұнымен бітпейді.  Қор арқылы өлген адамдарға медициналық қызмет көрсетіліп, жүздеген мың ер адам жатыр мен омырауын тексерткен. Мыңға жуық марқұмға үш жарым мыңнан астам қызмет рәсімделген. Тіпті, екі жыл бұрын қайтыс болған адам былтыр дәрігерге жазылыпты.  Тағы бір сорақы дерек - 770 мың ер адам жатыр мойны обырына тексеріліп, 600-ден аса ер адам маммографиядан өткен. Осындай қисынсыз тексерулерге шамамен 2 миллиард теңге төленген. Аудит жекеменшік клиникалардағы рекордты қабылдауларды да әшкереледі. Бір дәрігер бір күнде мыңнан аса науқасты емдеп үлгерген. Ал кейбір мамандар айына төрт-бес мың адамды қабылдаған. Сонымен бірге, бір қызмет үшін клиникалар екі жерден ақша алған жағдайлар анықталды.  

МӘДИ ТАКИЕВ, ҚР ҚАРЖЫ МИНИСТРІ:

Ер адамның жатыры мен омырауын тексеру медицина логикасына да, биология заңына да сыймайтын көрсеткіш. Жүйеде қосарланған қаржыландыру кең етек алған. Бір науқасқа бір мезетте екі клиника қызмет көрсеткен болып есеп берген. Ал жекеменшік медициналық ұйымдар бір қызмет үшін әрі ерікті медициналық сақтандырудан, әрі МӘМС қоры арқылы ақша алған. Бұл - тек техникалық қате емес, бұл - жүйелі түрде жасалған заң бұзушылық.