$541.34 €640.73 ₽6.53
×

Әуе керосині арзандады, билет бағасы өзгере ме?

19.01.2026ж. 19:00
Әуе керосині арзандады, билет бағасы өзгере ме?

Елде ұшақ билеті удай қымбат. Әсіресе, ішкі рейстердің құны шарықтап тұр. Бір бағыттың ақысы шетелге барып келгенмен тең дейді тұрғындар. Қазір бізде әуе керосининің бағасы айтарлықтай төмендеген. 1000 АҚШ долларына дейін арзандады. Соған қарамастан билет құны неге күннен күнге аспандап барады?  Әріптесім Аружан Задабек тараптармен тілдесті.

АРУЖАН ЗАДАБЕК, ТІЛШІ:

Аспанға қараймын, ұшақты санаймын,

Сол ұшақта сен жоқсың, арайлым.

Арманы талайдың, арзан билет қалаймын.

Бір кездері хит болған осы әнді бүгінде осылай түрлендірсек жараса кететін тәрізді. Өйткені аспанға ұшыратындар бағаны аспаннан бір-ақ шығарды. Әуе рейстерінің бағасы сәт сайын қымбаттап жатыр. Бұл - жүріс-тұрысы көп қазақ үшін қынжылатын мәселеге айналды.

Ішкі рейстердің құны мың құбылады. Бір ай бұрын қамдансаң да, арзан билет табу қиын. Ал, айына орта есеппен 2 млн табыс табатын америкалықтар үшін бір қаладан екіншіге бару бізге қарағанда әлдеқайда қолжетімді. Еуропалықтардың да жайы осындай. Ол жақта “ұшатын күн жақындаған сайын құн шарықтайды” деген түсінік жоқ.

БЛИЦ:

- Өте қымбат. Алматы мен Астана арасы өте қымбат шығып жатыр. Әсіресе студенттер үшін.

- Арзандату керек қой негізі. Қымбат. Жақындағандағанда қымбат. Алдын-ала алып қою керек.

- Студенттерге жеңілдік болса деймін. Ең көп тұтынатын осы білім алушылар деп ойлаймын. Шымкентке бару үшін бір бағыттың өзіне 50 мыңға билет аласың. Бұл ақшамен шетелге де шығасың ғой.

Әуе хабтарында мәселе барын Президент те айтқан еді. Нақты пәрмен берген. Нәтижесінде, әуе керосинінің бағасы тоннасына 1000 АҚШ долларынан аспайтын деңгейге дейін төмендеді. Алда делдалдарсыз тікелей жанармай құю көлемін ұлғайту да жоспарланған. Бұл өз кезегінде керосин құнын тағы төмендеуіне мүмкіндік береді.

СӘРСЕН ЖАРЫЛҒАСОВ, ҚР КӨЛІК МИНИСТРЛІГІ АЗАМАТТЫҚ АВИАЦИЯ КОМИТЕТІ ТӨРАҒАСЫНЫҢ ОРЫНБАСАРЫ:

Шығыстар көлемі түседі. Сондықтанда біз халықаралық авиакомпаниялардан авиабилеттің құнының төмендеуіін күтеміз. Бірақ авиакомпания кестені бір жыл бұрын дайындайды. Жоспарды жарты жыл бұрын дайындайды. Сондықтан бұл бір мезетте болатын мәселе емес.

Жолақының арзандап не қымбаттауы бензин бағасына қалай тәуелді болса, керосин құны да әуе билеттеріне солай әсер етуі тиіс. Логикаға салсаң - солай. Бірақ бізде әлі күнге дейін аспанда ұшу қымбат, әзірге бағадағы өзгерісті байқамадық. Сөйтсек, сарапшылар бұл шараның жолаушыларды таситын әуе компанияларына қатысы жоқ дейді. Жолдама құны тек доллар бағамына қарай реттелетінін айтты.

ОЛЖАС БАЙДІЛДИНОВ, ЭНЕРГЕТИКА САЛАСЫНЫҢ САРАПШЫСЫ:

Ішкі рейстерге бұл шараның әсері болмайды. Ешқандай бағаның арзандауы болмайды. Көбіне авиациялық отын доллар құнымен байланысты. Өйткені біз ішкі нарықты толық қамтамасыз ете алмаймыз. Ресей импортына тәуелдіміз.

Иә, керосин құнындағы өзгеріс ішкі рейстерге әсер етпейді. Десе де, халықаралық бағыттарда баға түседі деген болжам бар. Мәселен, Turkish Airlines, Fly Dubai сынды шетелге қатынайтын әуекомпаниялар арзан жолдама ұсынуы тиіс.  Ал, мұндай мүмкіндік ел ішіндегі нарыққа қашан келері белгісіз. Сондықтан көлікте кептеліп, теміржолда телміргісі келмейтіндер, әзірге, аспан сұраған бағаға бағынуға мәжбүр.