$541.34 €640.73 ₽6.53
×

Коучтар мен психологтар енді тексеріледі

Коучтар мен психологтар енді тексеріледі

Жалған коучтар мен психологтар қаптап кетті. Тіпті көпшілік алдында кемсіту сөз айтып, қорлауды шығарды. Ерекше баласы бар анаға ақыл айтып, жұрттың жағасын ұстатты. Енді коучтар мен психологтар тексеріледі. Президент осындай тапсырма берді.

НАЗЕРКЕ АЛТЫНБЕК, ТІЛШІ:

Коучпын деп аузына келгенін айтып, көпшілік алдында қорлайтындар көбейді.

Ерекше баласы бар ананың сырт келбетін сөз етіп, баланың дамымай қалуына әйелдің «еркектерді әлсіз санауы» себеп дейді. Тіпті аутизм диагнозын ананың ер адамдарға деген көзқарасымен түсіндіруге тырысқан. Коуч сымақты жұрт желіде жерден алып, жерге салды.

КОММЕНТАРИЙ:

- Қайдағы коучсың? Этика жоқ, білім жоқ. Қайдағыларды тыңдап жүрген қазағыма жаным ашиды.

- Ешқашан ерекше баласы бар аналардың жүрегіне әсер ететін сөз айтпаңыздар!

- Бұл ақымақты қалай тыңдайсыңдар? Бұл надан адам.

НАЗЕРКЕ АЛТЫНБЕК, ТІЛШІ:

Тағы бір блогер ерекше балалардың дүниеге келуін аналардың «жүргіштігімен» байланыстырып, жағамызды ұстатты.

Жанна Қалиева ерекше баланың анасы. Қызы биыл 18-ге толады. Ол баланы тәрбиелеу оңай болмағанын айтады. Дегенмен, мойымаған. Керісінше, аутизмді терең зерттеп, жаңа мамандықты игерген. Қазір халықаралық мінез-құлық талдаушы. Ол Қазақстанда және шетелде ерекше балалардың жай күйіне қатысты онлайн және офлайн сабақтар өткізеді.

ЖАННА ҚАЛИЕВА, ХАЛЫҚАРАЛЫҚ МІНЕЗ-ҚҰЛЫҚ ТАЛДАУШЫ:

Аутизмге ата-ана кінәлі деген пікірді кейбір коучтар жиі айтады. Бұл аналарға өте ауыр тиеді. Сол себепті көп ата-ана баласын «емдеу» үшін кез келген қаражатты жұмсауға дайын тұрады. Аутизм - емделетін диагноз емес. Мұны есту қиын, бірақ баланы шынайы қабылдаудың жалғыз жолы, осы ақиқатты түсіну. Біз оңалту, жүйелі жаттығу және баламен тұрақты жұмыс арқылы ғана нәтижеге жете аламыз.

Мамандардың айтуынша, мұндай жағдайда ерекше баланың анасын заң жүзінде ғана емес, қоғам болып қорғау маңызды. Сондай-ақ, баланың тағдыры үшін жауапкершілікті тек ананың мойнына арту, әділетсіз дейді мамандар.

НҰРСҰЛТАН ОРЫНБЕКОВ, ЗАҢГЕР:

Хайп керек, арзан атақ керек, осы тақырыптармен атын танылдырып, жазылмандарын көбейткісі келеді.  Мұның барлығын манипуляция деп атаймыз.  Құқықтық негіздері де бар. Әлеуметтік жағдайына байланысты, жекелей тұрғыда қарайтын болсақ, адамның қадір-қасиетіне, ар-намысына нұқсан келтіру оның барлығы құқықтық мемлекет болғандықтан, жауапкершілікке алып келеді. 

НАЗЕРКЕ АЛТЫНБЕК, ТІЛШІ:

Ерекше бала тәрбиелеп отырған ата-аналар онсыз да үлкен психологиялық салмақпен өмір сүріп жүр. Бұл - бір отбасының емес, бүкіл қоғамның ортақ мәселесі.