Әлеуметтік желіде ақша төлеп, жалған оқырман жинау -күнә. Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы пәтуа шығарды. Өйткені дін өкілдері мұны азаматтарды алдау деп санайды.
АЯУЛЫМ ИЗАТҚЫЗЫ, ТІЛШІ:
Бүгінде танымал болу үшін талант емес, картадағы баланс та жеткілікті. Бірнеше мың теңге төлесең, мыңдаған фолловері бар блогерге айналып шыға келесің. Бірақ бұл- адам емес, жай ғана цифрлар.
Блогерлер клубының негізін салушы Зәуреш Нұрсейітованың айтуынша, мұндай жасанды танымалдық- уақытша жетістік. Ол аудиторияның сенімін арттырмай, керісінше күмән туғызады. Сондай-ақ, блогерлер арасындағы бәсеке де әділ болмайды дейді.
ЗӘУРЕШ НҰРСЕЙІТОВА, БЛОГЕРЛЕР КЛУБЫНЫҢ НЕГІЗІН САЛУШЫ:
Мен фолловерлерді ақшамен көбейтуге үзілді-кесілді қарсымын. Себебі бұл - жай ғана иллюзия. Нағыз блогер үшін ең маңыздысы - саны көп емес, саған сенетін, сені күн сайын қолдап, пікір қалдырып, байланысқа шығатын адал аудитория. Ал боттармен, қолдан жиналған жазылушылармен шынайы қарым-қатынас орнату мүмкін емес. Бұл - тек көзге әдемі көрінетін цифр ғана. Мұны басқа блогерлерге жасалған әділетсіздік деп білемін.
Бұл құбылысқа діни тұрғыдан да баға берілді. Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының пәтуасына сәйкес, ақша төлеп, жасанды жолмен жалған оқырман жинау - харам деп саналады.
ЕЛБЕК ТАСБОЛАТҰЛЫ, ҚМДБ ШАРИҒАТ ЖӘНЕ ПӘТУА БӨЛІМІНІҢ МАМАНЫ:
ҚМДБ жанындағы Ғұламалар кеңесі пәтуа қабылдады фолловерге қатысты. Екі түрлі тәсіл айтылып өтілді. Біріншісі - өтірік, жалған бот аккануттар арқылы соған ақы төленіп, қолдан оқырмандарды көбейту, соны дамыту. Бұл өтірік болғандықтан дініміз мұны құптамайды.
Ал арнайы маман жалдап, ұтыс ойындар жасау арқылы жазылушылар санын арттыруға тыйым салынбайды. Сондықтан дін өкілдері азаматтарды адал жолмен адам жинауға шақырады