Ақтөбе тұрғыны Рауида Байтұрова ауа райына қарамастан жыл он екі ай мұздай суға шомылады. 2017 жылы дәрігерлер зейнеткердің асқазанын толық алып тастаған. Алайда ол тағдыр тәлкегіне мойымай, салауатты өмір салтын ұстанып, көпке үлгі болып отыр.
78 жастағы Рауида Байтұрова он жыл бұрын асқазан қатерлі ісігіне шалдыққан. Күрделі операция жасалып, асқазанын толықтай алып тастапты. Бірнеше мәрте химиядан өтті. Дәл осы сәтте қызы Айгүл анасына тірек болады. Тоғыз жыл бойы үзбей саумалға тасыған. Кейінірек Айгүл анасын шынығудың өзгеше жолына- мұздай суға түсуге алып келіпті. Содан бері зейнеткер қыс пен күзге, суық пен желге қарамай, тұрақты түрде суға шомылып жүр.
РАУИДА БАЙТҰРОВА, ЗЕЙНЕТКЕР:
Тіпті менің вообще еш жерім ауырмайды.Ұйқым тыныш, тамақ ішемін, біздің әуелдегі үлкендердің барлығы кетті ғой осы тамақ ішкізбей, сосын осы әуелі тамақ ішкеніме қуандым.
Анасын қалай да аяққа тұрғызуды мақсат еткен Айгүл кәсіби түрде мұздай суға шомылумен айналысады. Бұл жолға ол пандемия кезінде ауыр дерттен кейін келгенін айтады. Бүгінде анасы да, өзі де дәрі-дәрмекті ұмытқан.
АЙГҮЛ САРИМОВА, ҚАЛА ТҰРҒЫНЫ:
Бәрі біздің ойымыздан, бәрі біздің ішкі сезімізден дейін бе?! Адам іші өзін көтерсе-бәрі де болады. Бәріне жетуге болады деп ойлаймын.
Қақаған аязда мұздай суға сүңгу- екінің бірінің қолынан келмейді. Ол үшін темірдей тәртіп, мықты жігер мен рух керек.