$541.34 €640.73 ₽6.53
×

Астанада Қасым-Жомарт Тоқаевтың қатысуымен Парламенттік реформа жөніндегі жұмыс тобының отырысы өтті

19.01.2026ж. 19:00
Астанада Қасым-Жомарт Тоқаевтың қатысуымен Парламенттік реформа жөніндегі жұмыс тобының отырысы өтті

Астанада Қасым-Жомарт Тоқаевтың қатысуымен Парламенттік реформа жөніндегі жұмыс тобының отырысы өтті.  Жиында Мемлекеттік кеңесші Ерлан Қарин Президентке Жұмыс тобының атқарған қызметі туралы баяндап, Парламентті трансформациялауға қатысты ұсынылып отырған конституциялық өзгерістердің көлемі ауқымды екеніне назар аударды. Ал Мемлекет басшысы алдағы конституциялық реформаны талқылау басталғалы бері жарты жылға жуық уақыт өткенін еске салды. Осы кезең ішінде қоғамда елдің жоғары заң шығарушы органын трансформациялаудың мақсаттары мен міндеттеріне қатысты дұрыс түсінік қалыптасты. Президент қыркүйек айындағы халыққа арнаған Жолдауынан кейін өрбіген қоғамдық пікірталастарды мұқият қадағалап отырғанын жеткізді.

ҚАСЫМ-ЖОМАРТ ТОҚАЕВ, ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫНЫҢ ПРЕЗИДЕНТІ:

Мен былтырғы Жолдауымда Парламенттік реформа жасау туралы бастаманы көтердім. Содан кейін бұл мәселе саясаткерлер мен сарапшылар арасында бір айдан астам уақыт талқыланды. Қоғам белсенділері мен еліміздің жанашыр азаматтары да өз үлесін қосты. Жалпы, бірпалаталы Парламент құру туралы идеяны азаматтардың басым көпшілігі қолдады. Мұны түрлі әлеуметтік сауалнама қорытындысынан айқын көрдік.