Астана қаласындағы №17 мектеп-гимназиясының 6-сынып оқушысы Алтынай Өтеубаева небәрі 11 жасында 800-ден аса кітап оқып үлгерген. Бұл – қала мектептері арасындағы ең жоғары көрсеткіш. Ал павлодарлық оқушы 10 тілді жетік меңгеріп, полиглот атанды.
Алтынай Өтеубаева небәрі 4 жасында мектеп табалдырығын аттаған. Қазір ол қазақ, орыс және ағылшын тілдеріндегі әдеби шығармаларды еркін оқиды. Сонымен қатар француз тіліндегі кітаптарды да меңгере бастаған.
№17 мектеп-гимназиясында талантты оқушы көп. Мұнда шет тілдерін тереңдетіп оқытатын арнайы сыныптар жұмыс істейді. Өткен оқу жылында аталған мектептің 24 түлегі шетелдік оқу орындарына грант иегері атанған. Осындай ортада білім алып жүрген Алтынай да үздіктер қатарынан көрініп келеді.
АЛТЫНАЙ ӨТЕУБАЕВА, №17 МЕКТЕП-ГИМНАЗИЯ ОҚУШЫСЫ:
Мен 4 жасымнан бастап кітап оқуды ұнатамын. Маған ағылшын тілінде оқу өте оңай болады және де маған қиял-ғажайып жанры өте қызықты. Менің ойымша, адам көп оқыса оның оқу жылдамдығы да жақсарып кетеді.
Жас оқырман осы уақытқа дейін жалпы 853 кітапты толық оқып шыққан.
ШАПИРА СӘРСЕМБЕКОВА, КІТАПХАНА МЕҢГЕРУШІСІ:
Мына жерде ағылшын кітаптары бар. Соның бәрін оқып бітірді. Целая полка. Ана жақта қазақ тілді кітаптар бар. Оның бәрін оқыды. Енді республиканский Ұлттық кітапханаға барып жүр екен. Сол тағы да Ұлыбританиядан кітаптар алдыратын көрінеді.
Ал павлодарлық Әсел Абдурахимова 10 тілде еркін сөйлейді. Ол күн сайын бес сағатын тіл меңгеруге арнайды. Қазір араб тілін үйреніп жүр. Көптілді олимпиадаларда қарсылассыз көш бастап келеді.
ӘСЕЛ АБДУРАХИМОВА, №8 ЛИЦЕЙ МЕКТЕБІНІҢ ОҚУШЫСЫ:
Менде ешқашан мені біреу көп тіл білетін адам екен деп мақтасын деген мақсат болған жоқ. Бұл менің қызығушылығымнан туындаған дүние. Өйткені, мен өзге ұлттардың тілін біліп, солардың салт-дәстүрімен танысқанды жақсы көрем. Болашақта сол елдердің тілін білсем, әлемге саяхат жасаймын деген арманым болды. Сол себепті арманыма жету үшін көп тіл үйренуді мақсат еттім.
Мамандардың айтуынша, кітап оқуға деген құштарлық пен бірнеше тілді меңгеру - жастардың зияткерлік әлеуетін арттыратын маңызды фактор. Алтынай мен Әселдің жетістігі - білім мен еңбекке ұмтылған жас буынға үлгі.