Қазақстанда зейнетақы жинақтарын тұрғын үй жағдайын жақсартуға пайдалану қағидаларына өзгерістер енгізілді. Тиісті бұйрыққа Өнеркәсіп және құрылыс министрінің міндетін атқарушы 2026 жылғы 13 қаңтарда қол қойды.
-2026 жылғы 1 қаңтардан бастап арнайы шот ашылғаннан кейін азамат тұрғын үй жағдайын жақсартуға арналған біржолғы зейнетақы төлемін алу үшін электронды өтініш толтырады. Өтініште арнайы шоттың нөмірі, қаражатты пайдалану мақсаты және қолжетімді сома көрсетіледі. Өтініш өтініш берушінің электронды цифрлық қолтаңбасымен расталады, — делінген құжатта.
Бұған дейін өтініште жеке табыс салығын ұстап қалу және аудару тәсілдері де көрсетілуі тиіс болатын.
Жаңартылған қағидаларға сай, біржолғы зейнетақы төлемдерін тұрғын үй жағдайын жақсартуға мына мақсаттарда пайдалануға болады:
- тұрғын үй сатып алуға алынған ипотекалық қарыздың негізгі қарызын толық немесе ішінара өтеу (бір банк қарызы шарты аясында жөндеу жұмыстарын жүргізу де осыған кіреді);
-тұрғын үй құрылыс жинақтары жүйесі арқылы жеке тұрғын үй салу, соның ішінде нысаналы мақсаты жеке тұрғын үй құрылысы немесе жеке қосалқы шаруашылық саналатын жер телімін сатып алу.
Сонымен қатар, біржолғы зейнетақы төлемдерімен толықтырылған тұрғын үй құрылыс жинақтары туралы шарт бойынша құқықтарды жұбайына және (немесе) жақын туыстарына беру мүмкіндігі сақталады.
Алайда мұндай құқықтарды үшінші тұлғаларға қайтадан беруіне жол берілмейді. Айта кету керек, бұрын бұл норма тұрғын үй құрылыс жинақтары салымы туралы шартқа қатысты қолданылған.
Өзгерістер тұрғын үй құрылыс жинақ банкі арқылы зейнетақы төлемдерін пайдалану тәртібін де нақтылайды. Атап айтқанда, белгіленген мерзімде растайтын құжаттар ұсынылмаған жағдайда, пайдаланылмаған қаражат өтініш берушінің БЖЗҚ-дағы зейнетақы шотына қайтарылады.
- Егер біржолғы зейнетақы төлемі арнайы шоттан қате түрде БЖЗҚ-ға қайтарылса, уәкілетті оператор өтініш берушінің келісімін алған күннен бастап үш жұмыс күні ішінде БЖЗҚ-ға электронды хабарлама жолдайды, — деп атап өтті банк қате аударымдарға байланысты түсініктеме бере отырып.
Ал БЖЗҚ бұл хабарламаны алған сәттен бастап бес жұмыс күні ішінде қате қайтарылған соманы, өтініш берушінің жеке зейнетақы шотындағы қаражат көлемінен аспайтын мөлшерде, уәкілетті операторға қайта аударады. Кейін бұл қаражат өтініш берушінің арнайы шотына түседі.
Аталған бұйрық 2026 жылғы 31 қаңтардан бастап күшіне енеді. Ал кейбір нормалар 2026 жылғы 1 қаңтардан бастап қолданыла бастайды.