Елімізде жекеменшік мектептерге мемлекеттік қаржы беру тәртібі өзгерді. Енді жекеменшік білім ордаларына арналған лицензия тек оқушыларға орын жетіспейтін өңірлерге ғана беріледі. Үкімет мораторий енгізіп, құрылтайшыларға да талапты күшейтті.
"Білім - болашақтың кілті" дейміз. Бірақ кілтіміз білімнің емес, бизнестің көзіне айналғандай. Елде жекеменшік мектеп көбейген. Бірақ онымен бірге алаяқтық та артқан. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев та Ұлттық құрылтайда осындай жағдайлардың алдын алу қажет екенін тілге тиек етті. Сондықтан Үкімет бұл мәселені ашық айтып, қаржыландыру тәртібін қайта қарауға кірісті. Бұдан былай мемлекет ақшасы тек нақты қажеттілік бар өңірлердегі жекеменшік мектептерге ғана бағытталады
АИДА БАЛАЕВА, ҚР ПРЕМЬЕР-МИНИСТРІНІҢ ОРЫНБАСАРЫ - МӘДЕНИЕТ ЖӘНЕ АҚПАРАТ МИНИСТРІ:
Бюджет қаражатын тиімді әрі мақсатты пайдалану үшін жаңа жекеменшік мектептерге мемлекеттік тапсырысты орналастыруға мораторий енгізіледі. Мемлекеттік қаржыландыру енді тек өңірдегі нақты қажеттілік бар жекеменшік мектептерге ғана бағытталады. Бұл ретте мемлекеттік мектептердің болмауы, үш ауысымды оқытуды жою және апатты мектептердің орнына жаңа білім беру нысандарының салынуы негізгі басымдық ретінде айқындалып отыр.
Қазір Қазақстанда лицензиясы бар 890 жеке білім ордасы жұмыс істейді. Бірақ құны қарашаның қалтасын қатты қағады. Мәселен, бастауыш сыныпта оқитындар жылына 4,5 миллион мен 8 миллион теңгенің аралығында ақша төлейді. Ал жоғары сынып оқушыларынан 5 миллионнан 18 миллионға дейінгі көлемде қаржы сұрайды. Десе де, баласын "элиталы" мектепке беретіндер көп. Алайда мамандар бұл үрдіс қоғамда әлеуметтік тапқа бөлінушілік тудыруы мүмкін дейді.
ӘДЕМІ СЕМБИНА, ӘЛЕУМЕТТАНУШЫ:
Жекеменшік мектепте оқитын бала ерте жастан-ақ уже "біз" және "олар" деген шекара қалыптастырады. Әлеуметтік жағдайы жақсы екенін сезеді іштей бала. Өйткені әкесі де, шешесі де оны қаржыландырып отыр. Көп жағдайда санасы, психологиясы өзгеруі мүмкін. Өйткені "біз бәрібір жекеменшік мектепте оқыдық қой. Біздің әлеуметтік жағдайымыз жақсы" деген бөлінушілік бар.
Елде енді жекеменшік мектептердің құрылтайшыларына да қойылатын талаптар күшейтіледі. Олар білім беру сапасына, педагогтердің біліктілік деңгейіне және оқушылардың қауіпсіздігін қамтамасыз етуге жауапты болады.