Алматы облысында орман өрті 14 есеге азайды. 2022 жылы қызыл жалынның кесірінен 784 гектардан аса аймаққа залал келген. Ал, өткен жылы бұл көрсеткіш 53 гектарға дейін қысқарды. Статистика жуырда одан да жақсы нәтиже бермек. Себебі, өртті жылдам анықтайтын интеллектуалды бейнемониторинг орнатылды. Құрылғының қыр-сырын тілші тарқатады.
Табиғатқа шапағатын тигізген цифрлық жүйе Мемлекет басшысының тапсырмасы аясында жүзеге асты. Қазіргі таңда облыстың бес орман шаруашылығында – Бақанас, Қаскелең, Күрті, Шелек және Қарадала аумақтарында 18 аппараттық-бағдарламалық кешен орнатылған. Қондырғы тәулік бойы өрт қаупі жоғары аймақтарды бақылап, от тұтану ошақтарын дер кезінде анықтауға көмектеседі.
ҚАНАТ НҮСІПБАЕВ, ОБЛЫСТЫҚ ТАБИҒИ РЕСУРСТАР ЖӘНЕ ТАБИҒАТТЫ ПАЙДАЛАНУДЫ РЕТТЕУ БАСҚАРМАСЫНЫҢ БАСШЫСЫ:
306 млн теңге қаражат бөлініп, 2025 жылы 18 камера мемлекеттік орман қорына қойылды. Бұл камералардың барлығы толық іске қосылды. Түтін шыққан жерлерде камера фиксировать етіп, сразу орман шаруашылығы мекемелеріне сигнал келіп түседі. Дежурный оператордың алдында компьютер болады, сол жерге сигнал кеп түседі.
Бейнебақылау камералары 360 градусқа дейін айналуға қабілетті. Ал аймақты толық барлап шығуына небәрі 12 минут кетеді. Құрылғы түтін, шаң, тұман секілді құбылыстарды ажырата алады. Яғни, жалған дабыл қақпайды. Ол күндіз-түні ауа райының қолайсыздығына қарамастан өз қызметін атқарады.
БАҚНҰР ӨМІРБЕК, БАҚАНАС ОРМАН ШАРУАШЫЛЫҒЫ КОММУНАЛДЫҚ МЕМЛЕКЕТТІК МЕКЕМЕСІНІҢ ДИРЕКТОРЫНЫҢ ОРЫНБАСАРЫ:
Бақанас орман шаруашылығы бойынша 6 бейнекамера орнатылды. Орманшылардың жұмысын жеңілдетіп, жүйелі түрде жұмысымызды жасауға үлкен септігін тигізіп жатыр. Өрт қаупі жоғары аумақтар бар. Сол аумақтарда камералар радиусы 25 км радиусты бақылап көре аламыз.
Одан бөлек, өртке қарсы жаңа құрылғыларды жабдықтауға 829 миллион теңге қаражат бөлінеді. Бұл қаржыға өңірдің экологиялық қауіпсіздігін сақтайтын 26 техника алу көзделіп отыр.