$541.34 €640.73 ₽6.53
×

Алматыда әлеуметтік бейімдеуге арналған алғашқы тігін және тоқыма шеберханасы ашылды

21.01.2026ж. 19:00
Алматыда әлеуметтік бейімдеуге арналған алғашқы тігін және тоқыма шеберханасы ашылды

Алматыда әлеуметтік бейімдеуге арналған алғашқы тігін және тоқыма шеберханасы ашылды. Бұл –  баламасы жоқ бірегей жобалардың бірі. Ерекше қажеттілігі бар азаматтар осында шеберлік сағаттарынан өтіп, еңбекке кәсіби түрде бейімделе алады. Мамандардың жұмысымен Айдана Шалқар танысты.

Бұл жерде қолмен және машинамен тігу, тоқыма материалдарымен жұмыс істеу, тоқу бойынша шеберлік сағаттары күн сайын 4 сағат бойы өткізіледі. Қазір мұнда 30-дан аса қатысушы қолөнерге бейімделіп жатыр. “Арнайы сабақтар мүмкіндігі шектеулі азаматтардың еңбек және тұрмыстық дағдысын дамытуға септігін тигізеді” дейді мамандар.

НҰРҒАНЫМ ДҮЙСЕНБАЕВА, ҚАЛАЛЫҚ ЖҰМЫСПЕН ҚАМТУ ЖӘНЕ ӘЛЕУМЕТТІК БАҒДАРЛАМАЛАР БАСҚАРМАСЫ «ПАРАСАТ» ӘЛЕУМЕТТІК ҚЫЗМЕТ ОРТАЛЫҒЫНЫҢ ДИРЕКТОРЫ:

18 жастан асқан тірек қимыл аппаратында ақауы бар және психоневрологиялық аурулары бар мүгедектігі бар жандарға қызмет көрсетеміз. Тігу-тоқу арқылы олар ортаға бейімделіп, өзінің әлеуетін ашуға көмектесумен қатар олардың қол моторикасы дамиды, есте сақтау қабілеті дамиды, өзін-өзі ұстау қарым-қатынасы дамиды.

Шеберханаға бес тігін машинасы орнатылған. Арнаулы жабдықталған үтіктеу құрылғысы, тоқу үстелі мен тігінге арналған ұсақ-түйек фурнитуралар бар. Мұнда балалар тігінмен айналысып қана қоймай, мата түрлерін ажыратуды да  үйренеді.

БАЛДЫРҒАН ЗАУЫРБЕКОВА, ЕҢБЕК ТЕРАПИЯСЫ ЖӨНІДЕГІ ИНСТРУКТОР:

Балалар үйренеді тігуді, тоқуды одан кейін валяние шерсти, одан кейін аппликация жасайды. Құрақ көрпе жасаймыз. Қолдан жасаған жастықтары бар, өздерінің жасаған қазақша өрнектер бар. Келген кезде олар машинканы танымайтын, отыра алмайтын, қазір уже машинаға отырып өздері тігіп, өздері құрастырып.

Мамандардың айтуынша, алдағы уақытта қатысушыларды 12 жастан бастап қабылдау жоспарға қойылған. Себебі, ата-аналар мен балалар тарапынан сұраныс жоғары. Ал, шеберханада үздік нәтиже көрсеткен азаматтардың жұмыспен қамту орталығы арқылы қызметке орналасу мүмкіндігі бар.