$494.87 €520.65 ₽4.91
×

Әріптестерін пышақтады деп айыпталған тараздық полицей 15 жылға сотталды

AstanaTV
27.12.2017ж. 20:00
3100
Әріптестерін пышақтады деп айыпталған тараздық полицей 15 жылға сотталды

Тараздық полицей Мұрат Үмбеталиевке сот үкім шығарды. «Екі немесе одан да көп адамды өлтіруге оқталу» бабы бойынша айып тағылған ол 15 жылға бас бостандығынан айырылды. Енді жазасын қауіпсіздігі барынша күшейтілген түзету мекемесінде өтейтін болады. Сондай-ақ, полиция подполковнигі шенінен айырылды. Атышулы іс қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотта бес айдай қаралды. Үкімді тыңдау үшін сот залына жеткізілген Мұрат Үмбеталиев байсалды қалпынан танбады. Бір күн бұрын жәбірленушілер Марсел Жетпісбаев пен Ерлан Бектұрғанов оған кешірім берген еді. Бірақ екі әріптесі кешіргенімен, судья экс-полицейге ауыр жаза тағайындады. Ал адвокаты соттың үкімімен келіспейді.

Талғат Бейісбеков, М. Үмбеталиевтің қорғаушысы:

Соттың үкімі заңсыз және негізсіз деп санаймыз. Өйткені мұндай үкім шығаруға ешқандай негіз жоқ. Бұл Жамбыл облысында бірінші рет шығып тұр деп есептеймін. Өте қатаң. Ондай үкімді бәленбай жыл бірнеше рет сотталған адамдарға да бермейді. Біз ары қарай апелляциялық және Жоғарғы сотқа шағым келтіреміз.

Еске салайық, тәртіп сақшыларының төбелесі тамыз айында болған. Облыстық экстремизмге қарсы күрес басқармасының басшысы Мұрат Үмбеталиев криминалды полиция басқармасының басшысы мен Байзақ аудандық халыққа қызмет көрсету бөлімінің жетекшісіне қару сілтейді. Пышақ жарақатын алған екі азамат сотқа жәбірленуші ретінде тартылды. Осы оқиғадан соң аймақтағы ІІД басшысының орынбасарлары қызметінен қуылған.