Қонаев қаласында қысқы спорт пен демалысты үйлестірген заманауи ASP Arena кешені пайдалануға берілді. Бұл – елімізде баламасы жоқ көпфункционалды нысан.
Кешен Орталық Азиядағы ең ірі мұз аренасын спорттық, ойын-сауық және көрермендерге арналған инфрақұрылыммен біріктіріп, Қазақстан тұрғындары мен қонақтары үшін жаңа тартымды орталыққа айналып отыр.
ASP Arena мұз аренасының ауданы 20 600 шаршы метрді құрайды. Яғни, мұнда халықаралық деңгейдегі спорт жарыстарын, жаппай сырғанау сеанстарын және ауқымды шоу-бағдарламаларды өткізуге болады. Кешеннің жалпы аумағы 63 гектар. Мұнда қонақ үй кешені, көрермендерге арналған аймақтар, мейрамханалар, картинг трассасы және түрлі демалыс нысандары орналасқан. Спорт кешені бір мезетте 3 200 адамды қабылдай алады.
ASP Arena-да жаппай сырғанауға ерекше басымдық берілген.
Кешен келушілер үшін:
-жұмыс күндері (дүйсенбі-жұма) 10:00-ден 23:00-ге дейін (үш сеанс);
-демалыс және мереке күндері 09:00-ден 00:00-ге дейін (төрт сеанс) жұмыс істейді.
Спорт сарайы аумағында коньки жалға беру қызметі қарастырылған. Жаппай сырғанау кез келген жастағы және дайындық деңгейі әртүрлі келушілерге қолжетімді.
ASP Arena жобасының Қонаев қаласында жүзеге асырылуы Қазақстандағы спорт инфрақұрылымын дамытуға, оқиғалық туризм мен ойын-сауық индустриясын ілгерілетуге оң әсер етіп, елдің ірі халықаралық іс-шаралар өткізетін алаң ретіндегі әлеуетін арттырады.