Шетелдік БАҚ пен халықаралық ақпараттық ресурстар Қызылордада өткен бесінші Ұлттық Құрылтай туралы жарыса жазуда. Олар әлемдік аудиторияға Қазақстандағы маңызды саяси-қоғамдық аспектілерді жеткізді. Жиынды елдің «жаңа саяси архитектурасын» қалыптастырудағы маңызды саты ретінде сипаттаған. Тілші Айсәуле Съезбек шетелдің басты басылымдарына шолу жасады.
Қазақстанда жоспарланып отырған ауқымды конституциялық реформалар шетелдік бұқаралық ақпарат құралдарының назарын аударды. АҚШ, Еуропа, Қытай, Ресей, Түркия мен Азияның жетекші басылымдары Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың Ұлттық құрылтайда жариялаған бастамаларын егжей-тегжейлі талқылауда.
Америкалық «Current Time» басылымы мемлекет басшысының дәстүрлі құндылықтарды қорғау және неке институтын ер мен әйелдің одағы ретінде заңнамалық тұрғыда бекіту жөніндегі ұстанымына тоқталды. Басылым бұл бастаманы қоғамдағы моральдық тепе-теңдікті сақтауға бағытталған қадам ретінде бағалайды.
Ал италиялық «Agencia Nova» Қазақстандағы өзгерістерді ауқымы жағынан жаңа Конституция қабылдаумен тең реформалар деп сипаттайды. Басылым бірпалаталы парламент құру және оны «Құрылтай» деп атау ұсынысы тарихи сабақтастық пен мемлекеттік басқару тиімділігін арттыруды көздейтінін жазады.
AGENCIA NOVA (ИТАЛИЯ):
Президент вице-президенттің рөлі Қазақстан тарихында мүлде жаңа емес екенін атап өтті. Бұл лауазым 1991 жылдан 1996 жылға дейін болған және оны бір адам — Ерик Асанбаев атқарған. Сонымен қатар, Тоқаев мемлекет басшысының өкілеттігі мерзімінен бұрын тоқтатылған жағдайда кезектен тыс президенттік сайлау өткізу талаптарын Конституцияға енгізуді ұсынды.
Франциялық RFI агенттігінің хабарлауынша, реформалар аясында Парламенттің жоғарғы палатасы — Сенатты таратып, бірпалаталы жүйеге көшу жоспарланып отыр. Алдағы конституциялық өзгерістер референдум арқылы бекітілуі мүмкін.
RFI (ФРАНЦИЯ):
Парламенттің “Құрылтай” деп аталатын бір палаталы жүйеге көшуі Қазақстанның саяси жүйесін трансформациялауда маңызды кезеңді білдіреді және халық өкілдігінің рөлін нығайтады.
Түркиялық «Анадолу» агенттігі Президенттің Вице-президент лауазымын енгізу бастамасын мемлекеттік басқаруды тұрақтандыратын маңызды шешім ретінде бағалайды. Сондай-ақ жаңа кеңесші орган — Халық кеңесін құру қоғам мен билік арасындағы байланысты күшейтпек» деп топшылаған.
ДЕРЕККӨЗ: АНАДОЛУ (ТҮРКИЯ):
Қасым-Жомарт Тоқаев бұл конституциялық жаңалық президенттік билік институтының әлсіреуін білдірмейтінін атап өтті. «Керісінше, Президент лауазымы мемлекеттік жүйеде негізгі болып қала береді. Мен сенімдімін, Қазақстан президенттік республика ретінде табысты дамитынына»,- деді мемлекет басшысы.
Қытайдың «Синьхуа» агенттігі қазақстандықтардың бірпалаталы парламентке көшуді қолдайтынын атап өтіп, жаңа парламент 145 депутаттан тұратынын және оның өкілеттік мерзімі бес жыл болатынын нақтылады.
Шетелдік БАҚ-тың бағалауынша, Қазақстандағы реформалар саяси жүйені жаңғыртуға және мемлекеттік басқарудың тиімділігін арттыруға бағытталған. Мақалаларда құрылтайдың кең пікірсайыс алаңы ретінде қызмет еткендігі, қоғам мен билік арасындағы тығыз қатынасты нығайтуға бағытталғаны айтылған. Сондай-ақ елдің ішкі және сыртқы саясаттағы стратегиялық мақсаттары талқыланғаны жазылды.