Шымкенттік тәртіп сақшыларының үстінен іс қозғалды. Сталкингке ұшырап, пана іздеген марқұм Нұрай Серікбайдың арызына атүсті қарап, өз міндетіне салғырттық танытқандар жауапқа тартылады. Бұл туралы Ішкі Істер Министрінің орынбасары Санжар Әділов мәлімдеді. Қазір ведомствоның Өзіндік Қауіпсіздік департаменті ішкі тексеріс жүргізіп жатыр. Іс қатаң бақылауда.
САНЖАР ӘДІЛОВ, ҚР ІШКІ ІСТЕР МИНИСТРІНІҢ ОРЫНБАСАРЫ:
Салғырттық бойынша қылмыстық іс қозғау дегеніміз – тікелей өз міндетін орындамай, марқұм бойжеткеннің арыз-өтінішін қабылдамай, іс қозғамағаны үшін жауапқа тарту. Бірінші кезекте, аудандық полиция басқармасы қызметкерлерінің тікелей жауапкершілігі деп білеміз. Олардың жұмысына жауапты басшылық лауазымда отырған полицейлерде жауаптан қашып құтыла алмайды. Департамент басшылығының жұмысына да құқықтық баға беріледі.
Айта кетейік, Қызылордада өткен Ұлттық құрылтай отырысында Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Шымкент полициясының жұмысын қатаң сынға алды. Осыдан кейін полиция департаментінің басшысы мен оның бірінші орынбасары қызметінен босатылды. Жәбірленушінің өтінішін қабылдамағандардың да әрекеттеріне құқықтық баға беріледі.
САНЖАР ӘДІЛОВ, ҚР ІШКІ ІСТЕР МИНИСТРІНІҢ ОРЫНБАСАРЫ:
Шымкент қаласына Орталық Аппараттың басшылар тобы жіберілді. Оның құрамында криминалдық полиция, тергеу департаментінің мамандары бар. Олар қызметтік тергеу жүргізіп жатыр. Осы істің мән-жайы бойынша, біз міндетті түрде көпшілікті құлағдар етіп отырамыз.