Енді жұмыс істемесең де «жалақы» алып отыруға болады. Мемлекет ісінен айырылғандарды теңгесіз қалдырмау үшін көмек көрсетеді. Яғни, арнайы әлеуметтік төлем төлейді. Желіде осы ақпараттың тарағаны сол-ақ екен, жұрт жаппай қызметтен кетіп жатыр. Бұл не қылған батпанқұйрық? Қолына күрек ұстамағандардың күректеп қаражат тауып жатқаны рас па? Аружан Задабек тақырыпты зерттеді.
“Ақша қолдың кірі” десе де, тегін асқа тік қасық болғысы келетіндер көп. Мемлекет жұмыссыздарға тегін ақша таратады дегеннен кейін қызметтен өз еркімен кететіндер жиілеген. Тер төкпей теңге табуға болады деген ақпарат кімге ұнамасын? Жүгіріп жеткеннен жатып алған артық деген пікір қалыптасты. Оның үстіне оны алудың да жолы оңай. Интернетті иіріп отырғандарға шай-пұлын берсең, өздері-ақ өтінішіңді жазып, құжатыңды жөндеп береді.
Бізде мұндай көмектің бары рас. Мемлекет, шынымен, жұмысынан айырылғандарға арнайы төлем тағайындайды. Не үшін, қандай себеппен тірліксіз қалғаныңыз маңызды емес. Былтыр 354,2 мың адам алды. Олар 130 миллиард теңге иеленген. Жәрдем әр адамның еңбек өтіліне қарай 1 айдан 6 айға дейін ай сайын тағайындалады.
ГҮЛБАҒИЛА БОЛАТБЕКОВА, "МЕМЛЕКЕТТІК ӘЛЕУМЕТТІК САҚТАНДЫРУ ҚОРЫ" АҚ РЕСМИ ӨКІЛІ:
5 ай жұмыс істеп, 5 айдан кейін жұмыссыз ретінде тіркелсе, біз ол адамдарға тағайындамаймыз. Ең кемінде алты ай жұмыс істеуі керек. Егер ол 6 айдан бір жылға дейін жұмыс істеп, жұмысынан айырылған болса, біз 1 айға тағайындаймыз. Ал егер 1 жылдан 2 жылға дейін – 2 айға, 2 жылдан 3 жылға дейін – 3 айға, 3 жылдан 4 жылға дейін – 4 айға, 4 жылдан 5 жылға дейін – 5 айға, ал 5 жылдан көп істесе 6 айға тағайындалады.
Бірақ оңай олжа орға жығуы мүмкін. Сол үшін жаппай жұмыстан шығып, тегін асқа жармасудан аулақ болыңыз. Өйткені көмектің өзі бәріне бірдей емес.
Төлем аламын дейтіндер соңғы екі жылда кемі алты ай ресми жұмыс істеген болуы тиіс. Міндетті түрде ЕҢБЕК.КЗ порталында жұмыссыз ретінде тіркелуі шарт. Жеке кәсіппен айналысатындар сен студент, зейнеткерлерге берілмейді.
ӘЛИЖАН ОМАРОВ, САРАПШЫ:
Біздің ең бірінші зайырлы мемлекет ретінде ондай кісілерді шектемеуіміз керек. Оларды қайта қоғамға араластырып, белсенді түрде өзінің азаматтық үлестерін қостыруымыз керек. Әртүрлі мемлекеттік органдар жастарды жұмыспен қамту мәселесімен айналысады. Бірақ, айта кететін жәйт, менің ойымша, ең бастысы кәсіптік бағдар беру үрдісін мектептен бастап дұрыстауымыз керек.
Сонымен, төлем алу үшін не істеу керек? Алдымен, eGov.kz сайтына кіріп, «Жұмыс іздеуші адамдарды тіркеу» қызметін таңдайсыз. Өтінімді онлайн толтырып, электрондық қолтаңба арқылы жіберу керек. Осыдан кейін мансап орталығы сізге жұмыс ұсынады. 3 күн уақытыңыз бар. Осы аралықта ыңғайлы қызмет табылмаса, сізге жұмыссыз деген мәртебе беріледі. Тіркелгеннен кейін министрлік телефоныңызға арнайы хабарлама жолдайды. Егер келіссеңіз, төлем автоматты түрде беріледі.
Тағы да ескертеміз, берілетін ақы әркімнің еңбек өтілі мен бұған дейін алған айлығының орташа мөлшеріне қарай тағайындалады. Сол үшін «біреу 100 мың, енді бірі 300 мың алды» деп жаппай жұмыстан шығуға болмайды. Жалақыңыз аз болса, 3-4 мыңды да місе тұтуға тура келеді. Қанша айға берілетіні де тұрғынның жеке дерегіне байланысты. Неғұрлым көп өтілі болса, соғұрлым көп айға дейін қол ұшын созады. Десе де, ең максималды мерзім – 6 ай.