Астанада жасанды интеллект көмегімен қойылған жаңа спектакль сахналанды. Әзірбайжан Мәмбетов атындағы мемлекеттік драма және комедия театрында «Жылы мұң» қойылымы шығармашылық процестің негізгі бөлігін жасанды интеллектке сеніп тапсырған алғашқы театрлық жоба ретінде көрерменге жол тартты.
АЙҒАНЫМ ТҰРЫСБЕК, ТІЛШІ:
Театрда тың жаңалық. Алғаш рет «Жылы мұң» драмасы жасанды интеллект көмегімен сахналанды. Пьеса, музыка, костюм мен сахналық шешімдердің басым бөлігі заманауи технология арқылы жасалған. Бұл Қазақстан театр кеңістігіндегі алғашқы тәжірибе.
«Жылы мұң» драмасының басты тақырыбы - қоғамдағы өзекті мәселелердің бірі саналатын нашақорлық. Қойылым авторлары жасанды интеллектті шығармашылық үдерісте қолдану арқылы жаңа форматты сынап көрді.
НҰРЖІГІТ МУСЛИМОВ, РЕЖИССЕР:
Сценарий жазғанда біз тапсырмалар бердік. Яғни промттар. Тапсырма беру арқылы ол бізге сценарийн жазып берді. Музыкасы да барлығы тапсырма беру арқылы жасалды. Оның басты көмегі уақытты үнемдейді. Біз егер драматурке, компазиторға тапсырма берсек ол апталап, айлап уақытты талап етуі мүмкін. Ал жасанды интеллект оны минуттар яғни секундтар ішінде тапсырманы орындап шығады.
Мамандардың айтуынша, мұндай жобалар уақытты үнемдеуге мүмкіндік береді, алайда сахнадағы эмоция мен көрерменге әсер ететін тірі ойын актерлердің шеберлігіне байланысты.
АҚБОТА МАКЕЖАНОВА, АКТРИСА:
Жасанды интеллект керемет орындап бергенда. Ананы одан жақсы орындау біздің бір миссия болды. Себебі шынымен әнші, қазақ айтып тұрған сияқты жеткізгеніне мен таңғалдым.
Спектакль Мемлекет басшысының цифрландыру мен жасанды интеллектті дамыту жөніндегі бастамаларымен үндесіп отыр. Жаңа формат өнер мен технологияның тоғысын көрсетіп, жасанды интеллектінің де әлеуметтік тақырыптарға үн қоса алатынын дәлелдеді.