$541.34 €640.73 ₽6.53
×

Астанада студенттер мен оқушылар әтір өндіреді

Астанада студенттер мен оқушылар әтір өндіреді

Астанада студенттер мен оқушылар бірігіп, әтір өндіреді. Оқушылар хош иіс жасаудың қыр-сырын шетелдік мамандардан онлайн меңгеріп, алған білімдерін колледж студенттеріне үйретіп жүр. Жоба жасөспірімдерге кәсіптік бағыт-бағдар беріп қана қоймай, өзара тәжірибе алмасуға мүмкіндік туғызуда. Отандық әтірді әріптесім Назерке Алтынбек те жасап көрді, толығырақ тілші материалында. 

НАЗЕРКЕ АЛТЫНБЕК, ТІЛШІ:

Мен қазір мандариннің қабығын езіп, оның табиғи майын шығарып жатырмын. Дәл осындай тәсілмен, шабдалы, роза сынды өзге де өнімдердің табиғи иісін студенттер мен оқушылар жасап шығаруда. Енді әтірді әлемнің әр тарапынан іздемей,  Қазақстандық қарапайым балалардан да алуға болады.

Колледж студенттері мен мектеп оқушылары тәжірибе алмасу мақсатында арнайы меморандумға қол қойған. Ал 91 мектеп-гимназиясының оқушылары бұл білімді шетелден онлайн меңгереді. Үйреніп қана қоймай, болашақта шетелдік жоғары оқу орындарына емтихансыз түсуге мүмкіндік беретін арнайы диплом да алады.

ГҮЛДАНА НЕСІПБАЕВА, ҚАЗАҚСТАН БОЙЫНША ВАШИНГТОН АКАДЕМИЯСЫНЫҢ МЕНТОРЫ:

Бұл факультатив те емес, үйірме де емес. Бұл – диплом алу үшін берілетін толыққанды екінші білім. Балалар диплом алғысы келе ме? Әрине, иә! Сондықтан оқушылармен жұмыс істейтін арнайы платформа бар, әрі аптасына бір рет оқушылармен онлайн кездесу өтеді. Бұған дейін сабын жасадық, ал қазір биология курсы жүріп жатыр. Мандарин ағаштарын отырғызамыз, бақылау күнделігін жүргіземіз.

Қатысушыларының қызығушылығы жоғары. Ата-аналар да балаларының қосымша білім алуына қолдау білдіруде. Ал колледж студенттерімен бірлесе жұмыс істеу мектеп оқушыларына ерекше мотивация сыйлап отыр.

АЙЫМ ЕСЕМБЕК, КОЛЛЕДЖ СТУДЕНТІІ:

91 мектеп-гимназиясының қазір біледі, олар өз мектебіндегі оқушыларға үйретіп жатса, мен өз колледжімнің студенттеріне үйретіп жатырмын. Бір-бірімізбен пікір алмасып, осылай өнімдерімізді дайындап жатырмыз, олар мамыр айында дайын болады. 

Бұдан бөлек, қатысушылар табиғи хош иістерді пайдалана отырып, балауыз шамдарын да жасайды.

ЖЕТКЕРБАЙ НҰРСҰЛУ, ӨНДІРІСТІК ОҚЫТУ ШЕБЕРІ:

Ара балауызынан жасалған шамдар жасаймыз. бұл бізде факультатив сабақтары болып табылады. Біз арнайы формаға құю арқылы осындай әдемі гүлдер жасаймыз. Біз флористика мамандығын дайындағандықтан біздің мақсатымыз осындай гүл шығару болды.

Мұндай бастамалар жастарға болашақ мамандығын ерте анықтауға, өз қабілетін дамытуға және кәсіпкерлікке алғашқы қадам жасауға жол ашпақ.