Ауа райының қолайсыздығына байланысты Алматы облысы төтенше жағдайлар департаменті тұрғындардан, туристерден және жүргізушілерден қауіпсіздік шараларын сақтауды сұрады. ҚазАвтоЖол ұлттық компаниясы да жүргізушілерге ескерту жасады.
- Алматы облысында 23 қаңтар күні күн бұзылуы ықтимал. Қар жауып, ауа температурасы төмендейді. Түнгі уақытта қатты аяз болуы мүмкін. Кей аймақтарда қалың тұман түсіп, бұрқасын соғады. Жолдарда көктайғақ пайда болады деп болжанады, - деп хабарлады компаниядан.
ҚазАвтоЖол қолайсыз ауа райы салдарынан жол қозғалысы қиындауы мүмкін екенін ескертіп, жол қызметтері күшейтілген режимде жұмыс істейтінін мәлімдеді. Жол жағдайына тұрақты түрде мониторинг жүргізілмек.
- Жүргізушілерден мүмкіндігінше алыс сапарға шықпауды сұраймыз. Сапарды алдын ала жоспарлап, жолға шыққан жағдайда жылдамдықты асырмай, арақашықтықты сақтауға және жол қозғалысы ережелерін қатаң ұстануға шақырамыз. Жолда төтенше жағдай туындаған жағдайда 1403 нөміріне хабарласуларыңызды сұраймыз, - делінген хабарламада.