$541.34 €640.73 ₽6.53
×

Жамбыл облысында малшы жоғалып кетті

AstanaTV
23.01.2026ж. 19:00
Жамбыл облысында малшы жоғалып кетті

Жамбыл облысында малшы жоғалып кетті. Таңертең түлігін өріске шығарған  ол ауа райының қолайсыздығынан қайтар жолын таба алмай қалған. Еліміздің біраз аумағында күн райы бұзылды. Аяз бен қарлы боран қашанға дейін болады, синоптиктер болжамы қандай? Өңірлердегі тілшілер айтады.  

АЯУЛЫМ ИЗАТҚЫЗЫ, ТІЛШІ:

Астананы тағы аяз буып тұр. Термометр көрсеткіші бірден -30 градусқа түсті.  Мектеп оқушылары қашықтан оқу форматына ауыстырылды. 

Синоптиктердің ақпаратынша, ертең-арғы күні солтүстік өңірлерде саршұнақ аяз күшіне мінеді.   Ал оңтүстік циклонның ықпалында болады, күн қайта жылынуы мүмкін.

АРУЖАН МҰРАТОВА, «ҚАЗГИДРОМЕТ» РМК БАСПАСӨЗ ХАТШЫСЫ:

Күндіз жауын-шашын жаңбыр мен қар түрінде болады. Түнде және таңертең тұман, көктайғақ. Ауа температурасы түнде - 10, - 12 градус. Күндіз +2 градус. 25 қаңтар бұлтаралас ашық ауа райы сақталады. 

Биыл қыста, нақты айтқанда, желтоқсан айында 47 жылда алғаш рет ерекше ауа райы тіркелген. Елдің басым бөлігінде ауа температурасы климаттық нормадан 1–4 градусқа жоғары болды дейді мамандар. Аяздың орнына бірқатар өңірде жылымық орнап, қар аралас жаңбыр жауды. Кей станцияларда  тәуліктік температуралық рекордтар жаңарған. 

АЯУЛЫМ ИЗАТҚЫЗЫ, ТІЛШІ:

Синоптиктер алдағы күндері елдің басым бөлігінде қар жауып, бұрқасын болатынын айтты. Мұндай ауа райы жол қозғалысын қиындатып, тұрғындарға қосымша қолайсыздықтар туғызады. Кей жерлерде тұман түсіп, көктайғақ болады. Сондықтан төтеншеліктер алыс жолға шықпауға кеңес береді.  Бірақ, ескертуді  елемейтіндер көп.  Жамбыл облысында малшы жоғалып кетті.  Ол туралы әріптесім Берік Жұмабай жеткізеді.

БЕРІК ЖҰМАБАЙ, ТІЛШІ:

Иә, Аяулым! Жамбыл облысында ауа райы күрт өзгеріп қатты жел тұрып Ақтоғай ауылынан таңертең мал бағуға шыққан азамат қайта оралмаған. Қатты қарлы боранның салдарынан қайтар жолын таппай қалған көрінеді. Төтеншеліктер іздеу шараларын жүргізіп оны ауылдан шамамен 25 шақырым жерден тапқан. Абырой болғанда, аман.

Құтқарушылар сондай-ақ Талас ауданында 10 азаматты аман алып қалды. Олар Майтөбе ауылынан 15 км қашықтықтағы «Тараз–Қаратау» автожолында қиын жағдайға тап болған. Үш көлік Алматы қаласынан Қызылордаға бағыт алған екен. Нәтижесінде 8 адам құтқарылып, Майтөбе ауылындағы өрт сөндіру бекетіне жеткізілді.

«Алматы-Ташкент» автожолының 586-шы шақырымында ауа райының қолайсыздығынан арыққа шығып кеткен жеңіл автокөлікті де құтқарушылар тапты. Көлік ішінде 5 адам болған.

Жамбыл облысында емес Түркістан өңірінде де қарлы боран соқты.  Көктайғақ салдарынан көліктер  жолда қалған. 

БЕРІК ЖҰМАБАЙ, ТІЛШІ:

Төтенше жағдай қызметкерлері қыс мезгіліндегі қауіпсіздік шараларын қатаң сақтауды ескертеді.  Қарлы боранда жолға шығу өмірге және денсаулыққа үлкен қауіп дейді.