$541.34 €640.73 ₽6.53
×

Конституциялық комиссияның құрылуын конституциялық трансформацияға өту ретінде қарастырған жөн – Әзімова

24.01.2026ж. 15:08
Конституциялық комиссияның құрылуын конституциялық трансформацияға өту ретінде қарастырған жөн – Әзімова
Фото: Конституциялық сот

 Конституциялық комиссияның алдында айрықша миссия тұр. Бұл туралы Астанада Конституциялық реформа жөніндегі комиссияның алғашқы отырысында  Конституциялық сот төрағасы Эльвира Әзімова мәлім етті. 
 

– Барлық саяси партия, үкіметтік емес ұйымдар, кәсіпкерлік құрылымдар, заңгерлер мен сарапшылар бастамаларын жолдады. Сол себепті Конституциялық комиссияның құрылуын салалық өзгерістерден кешенді конституциялық трансформацияға өту ретінде қарастырған жөн. Комиссия құрамына Қазақстан Республикасы Парламентінің депутаттары, мәслихат төрағалары, БАҚ басшылары, қоғамдық белсенділер, мемлекеттік органдар мен өңірлік қоғамдық кеңестердің өкілдері, сондай-ақ сараптамалық және ғылыми қауымдастықтар енді. Бұл қоғамдық көзқарастардың, тәжірибе мен сұраныстың әралуандығын көрсетеді, - деді Э. Әзімова.

Осы орайда ол Конституциялық комиссияның алдында айрықша миссия тұрғанын атап өтті. Бір жағынан конституциялық құрылыстың іргелі қағидаттарын сақтай отырып, екінші жағынан заманауи сын-қатерлерге қатысты өз ұстанымын лайықты түрде айқындауға мүмкіндік беретін Ата заңның тиісінше теңгерімін қамтамасыз ету ескерілгенін айтты.

– Сіздердің кәсіби тәжірибелеріңіз, отансүйгіштік және салмақты ұстанымдарыңыз барлық ұсынысты жан-жақты қарастыруға, оларды жүйелеп қорытуға, еліміздің дамуына қуатты серпін бере алатын нақты әрі сараланған өзгерістер жобасын әзірлеуге мүмкіндік беретініне сенімдімін, - деді ол.