$541.34 €640.73 ₽6.53
×

Қазақстанда дін мен мемлекетті бөлуді Конституцияда нақты бекіту ұсынылды

24.01.2026ж. 17:36
Қазақстанда дін мен мемлекетті бөлуді Конституцияда нақты бекіту ұсынылды
Фото: Конституциялық сот

Қазақстан заңгерлері одағының төрағасы, Ұлттық құрылтай мүшесі Серік Ақылбай Конституциялық реформа жөніндегі комиссияның бірінші отырысында Ата заңға діннің мемлекеттен бөлектігін тікелей нормамен айқындай түсу қажеттігін айтты. 
 

 -Ата заң мәтінінде діннің мемлекеттен бөліну қағидаты орныққан. Аталған қағидат зайырлылық идеясынан туындағанымен, Конституцияда ол ашық әрі айқын түрде тұжырымдалмаған. Конституциялық құқық тұрғысынан бұл мәселенің түбегейлі маңызы бар. Мемлекеттің зайырлылығы құқық қолдану практикасы мен саяси мән-жайға байланысты әртүрлі мағынада пайдаланынулы мүмкін. Сонымен қатар діннің мемлекеттен бөліну қағидаты діни бірлестіктердің жария билік органдарының қызметіне араласу шегін және керісінше мемлекеттің діни салаға қатысу шекараларын айқындайды. Дәл осындай ара-жікті ажырату мемлекеттің бейтарап сипатын қамтамасыз етуге, мемлекетті қандай бір дінмен немесе конфессиямен теңестіруін болдырмауға және әртүрлі дінді ұстанатын азаматтар мен ешқандай дін ұстанбайтын азаматтардың бәріне бірдей көзқарас қалыптастырады. Бұл тұрғыдан алғанда діннің мемлекеттен бөлінуі ар-ождан бостандығын шектемейді. Керісінше, оның құқықтық кепілі болып есептеледі, — деді ол.


Сондай-ақ, ол халықаралық тәжірибеде дін мен мемлекеттің ара қатынасы туралы құқықтық айқындықтың маңызы ерекше екенін айтады.

-Діннің мемлекеттен бөлінуі туралы тікелей конституциялық норманың болмауы құқық қолдану тәжірибесінде екіұштылыққа жол береді. Жоғары заңдық күшке енген акт ретінде Конституция мұндай нәзік салада кеңейтілген түсіндіруге жол бермеуге тиіс. Осы ұсыныстың маңызы қоғамдық келісімді нығайту және құқықтық тұрақтылықты қамтамасыз ету қажеттілігін айқындайды. Мемлекет басшысы ел алдында сөйлеген сөзінде мемлекеттің зайырлы сипаты Қазақстан мемлекеттілігінің іргелі қағидаты екенін бірнеше рет атап өтті. Мемлекеттің зайырлы сипаты барлық діни, бейтарап көзқараста, сондай-ақ дінді саяси мақсаттарда пайдалануға жол бермеуге тиіс, — деді заңгер.


Ұлттық құрылтай мүшесі Түркия мен Қырғызстан сияқты көптеген елдің Конституциясында бұл мәселенің нақты айқындалғанын атап өтті.

-Мысалы, Германия Федеративті Республикасының негізгі заңында мемлекеттің дінге қатысты бейтараптық қағидаты айқындалған. Оған сәйкес, мемлекет өзін қандай да бір конфессиямен теңестірмейді және жария билік органдарының қызметіне қандай да бір діндердің ықпал етуіне жол берілмейді. Аталған мысалдар діннің мемлекеттен бөліну қағидатын Конституция деңгейінде тікелей бекіту мемлекеттік билік бейтараптығын әрі ар-ождан бостандығын қорғаудың тиімді құралы екенін айғақтайды. Осыған байланысты бұл қадам мемлекет жариялаған саяси бағыттың логикалық әрі дәйекті дамуы болар еді. Мұнда құндылықтарды қайта қарау емес, Конституциядағы бекітілген зайырлылық қағидатын неғұрлым нақты әрі айқын құқықтық рәсімдеу туралы сөз болып отыр. Мұндай шешім адам құқықтары мен бостандықтарын нығайтуға, Конституцияға және мемлекеттік институттарға деген қоғам сенімін арттыруға, ұзақ мерзімді перспективада мемлекеттің орнықты әрі теңгерімді дамуына қамтамасыз етуге ықпал етері сөзсіз, — деді Серік Ақылбай.