Астанада Конституциялық реформа жөніндегі комиссияның бірінші отырысы өтті. Шара кеңейтілген форматта Парламент депутаттарының, мәслихат төрағаларының, қоғам қайраткерлерінің, орталық мемлекеттік органдардың жауапты лауазымды адамдарының, БАҚ өкілдерінің, өңірлердің қоғамдық кеңестерінің, сараптамалық және ғылыми қоғамдастықтардың қатысуымен өтті.
Комиссия Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың тиісті Жарлығын орындау мақсатында жұмыс істейді. Оған Конституциялық Соттың Төрағасы Эльвира Азимова жетекшілік етеді. Комиссия төрағасының орынбасарлары – Мемлекеттік кеңесші Ерлан Қарин және Премьер-Министрдің орынбасары – Мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаева.
Алғашқы отырыста қатысушылар ҚР Конституциясына өзгерістер енгізу бойынша негізгі ұсыныстарды егжей-тегжейлі қарастырды.
Мемлекет басшысы 2025 жылғы 8 қыркүйектегі халыққа Жолдауында «Күшті Президент – ықпалды Парламент – есеп беретін Үкімет» тұжырымдамасы негізінде бір палаталы Парламент құруғ туралы бастама көтерді.
Бұл – жасанды интеллект дәуірінде Қазақстанның әлеуметтік-экономикалық дамуына одан әрі елеулі ықпал ететін маңызды саяси реформа.
Өткен жылдың қазан айынан бастап жаңа реформаны дайындау аясында азаматтардан, 7 саяси партиядан, 16 қоғамдық ұйымнан және түрлі салалардың сарапшыларынан 2 мыңнан астам ұсыныс түсті. Атап айтқанда, ұсыныс жолдағандар e-Otinish және eGov порталдарын белсенді қолданғаны байқалды.
Алайда, ұсыныстар тек бір палаталы Парламент мәселесін ғана емес, сонымен бірге көптеген басқа да саяси және әлеуметтік өмірге қатысты аспектілерді қамтыды. Осыған орай Мемлекет басшысы шешімімен Конституциялық реформа жөніндегі комиссия құрылды.
Алғашқы отырыстың ашылуында Конституциялық Соттың Төрағасы Эльвира Азимова Комиссияның құрылуын секторлық өзгерістерден кешенді конституциялық трансформацияға көшу ретінде қарастыру керек екенін атап өтті.
«Конституциялық комиссияның алдында айрықша миссия тұр – бір жағынан конституциялық құрылыстың іргелі қағидаттарын сақтай отырып, екінші жағынан заманауи сын-қатерлерге қатысты өз ұстанымымызды толыққанды айқындауға мүмкіндік беретін Ата заңның тиісінше теңгерімін қамтамасыз ету», - деп атап өтті Эльвира Азимова.
Мемлекеттік кеңесші Ерлан Қарин өз сөзінде 20 қаңтарда Қызылордада өткен Ұлттық құрылтай отырысында Мемлекет басшысы айтқан конституциялық реформаның негізгі ережелеріне тоқталды.
«Мемлекет басшысы «Еліміздің саяси жүйесінде Құрылтай атауын аса маңызды мемлекеттік институттың символы ретінде сақтап қалуымыз керек» деп нақты атап өтті. Шын мәнінде, жаңа кезеңде жаңа өкілеттікке және ерекше атауға ие болған Құрылтай қазақ жеріндегі парламентаризмнің тамыры тереңде жатқанын аңғартады», - деді Ерлан Қарин.
Ол сондай-ақ, негізгі рәсімдік шешімдер туралы хабарлады: Құрылтай депутаттарының саны 145-ті құрайды, кандидаттарға қойылатын талаптар өзгеріссіз қалады, толық пропорционалды сайлау жүйесі қолданылады, ал депутаттардың өкілеттік мерзімі бес жылды құрайды.
«Пропорционалды жүйе партиялардың кадр саясатын дамытуға ықпал етеді, олардың институционалдық рөлін арттырады және саяси күштердің қоғам алдындағы жауапкершілігін нығайтады», – деп атап өтті Мемлекеттік кеңесші.
Сонымен қатар, ол конституциялық реформа бойынша түпкілікті шешімді еліміздің азаматтары жалпыұлттық референдумда қабылдайтынына ерекше назар аударды.
ҚР Президентінің құқықтық мәселелер жөніндегі көмекшісі Ерлан Жиенбаев өз сөзінде Ұлттық құрылтайдың бесінші отырысында Мемлекет басшысы «бірнеше жыл бойы мұқият қалыптастырып келе жатқан саяси құрылымның үйлесімді түйіні» ретінде тарихи әрі маңызды ұсыныс айтқанын атап өтті.
«Президент бірқатар елдерде бар Вице-президент институтын енгізуді ұсынды. Мемлекет басшысының өзі атап өткендей, «біздің жағдайымызда бұл лауазымды енгізу мемлекетті басқару процесін тұрақтандырады. Сондай-ақ билік иерархиясын біржола айқындап береді» деді Ерлан Жиенбаев.
Сонымен қатар реформалардың жаңа кезеңінде қоғам дамуының барлық мәселесіне қатысты тұрақты жалпыұлттық диалог жүргізу үшін ауқымды платформа ретінде Қазақстанның Халық Кеңесін құру ұсынылды.
Аталған орган халқымыздың ынтымақ-бірлігін нығайтуға ықпал ететін негізгі қоғамдық-саяси бірлестіктер мен құрылымдарды қосып, Қазақстан халқы Ассамблеясы мен Ұлттық құрылтайдың стратегиялық функцияларын орындауды жалғастырады.
«Осы екі маңызды институт бойынша негізгі ережелер Конституция деңгейінде тиісті регламенттеуді талап етеді» деп атап өтті ҚР Президентінің құқықтық мәселелер жөніндегі көмекшісі.
Вице-Президентті жалпы депутаттар санының көпшілік дауысымен білдірілген Құрылтайдың келісімімен Президент тағайындайды деп күтілуде.
Вице-Президентті қызметінен Президент босататын болады.
Вице-Президенттің құзыретіне Президенттің тапсырмасы бойынша Қазақстан Республикасының халықаралық қатынастардағы мүдделерін білдіру, Құрылтаймен, Үкіметпен және өзге де мемлекеттік органдармен өзара іс-қимыл барысында Президенттің атынан өкілдік ету берілетін болады.
«Вице-Президент өкілді органның депутаты болмауға, өзге де ақылы лауазымдарды атқармауға және кәсіпкерлік қызметті жүзеге асырмауға тиіс. Өз өкілеттіктерін жүзеге асыру кезеңінде Вице-Президент саяси партияның мүшесі болмауға тиіс.Мұндай тәртіп саяси бәсекелестікті арттыруға және барлық партиялардың дамуы үшін тең жағдайды қамтамасыз етуге бағытталған ұстанымға сәйкес келеді», - деп атап өтті Ерлан Жиенбаев.
Халық Кеңесіне қатысты. Халық Кеңесінің мәртебесін Конституцияда бекіту мақсатында онда жеке бөлім көздеу ұсынылады. Атап айтқанда, Халық Кеңесі Қазақстан Республикасы халқының мүдделерін білдіретін мемлекетіміздің жоғары консультативтік органы екендігі туралы норманы көздеу қажет екені айтылды.
Құрамы Қазақстан Республикасы азаматтары қатарынан Мемлекет басшысы тарапынан қалыптастырлатындығын қамту қажет. Сондай-ақ, Халық Кеңесінің мемлекеттің ішкі саясатының негізгі бағыттары бойынша; қоғамдық келісімді, жалпыұлттық бірлікті және ынтымақтастықты нығайтуға; мемлекет қызметінің қағидаттарын және жалпыұлттық құндылықтарды ілгерілетуге қатысты ұсыныстар мен ұсынымдар әзірлеу жөніндегі негізгі өкілеттіктерін регламенттеу көзделеді.
«Президент Халық Кеңесі заң шығаруға бастамашылық ету құқығына ие болуы қажеттігін атап өтті. Бұл да Конституцияда бекітілуге тиіс. Халық Кеңесінің құрылу, құрамын қалыптастыру тәртібі, өкілеттіктері мен қызметін ұйымдастыру мәселелері бөлек конституциялық заңмен айқындалатын болады. Халық Кеңесінің жоғарғы органы жылына кемінде бір рет шақырылатын Сессия болады», - деп түйіндеді Ержан Жиенбаев.
Отырыста өз ұсыныстарымен, пікірлерімен және ескертулерімен сөз сөйлегендер қатарында болғандар:
– ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты Унзила Шапақ – ұлттық мемлекетті нығайту және республиканың идеологиялық бағытын айқындау үшін Конституцияның преамбуласын жаңартуды ұсынды;
– ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты Марат Башимов – алдағы болатын қайта құрулардың саяси тұрақтылықты нығайтуға, мемлекеттік басқарудың тиімділігін арттыруға және азаматтардың құқықтарын қорғауға бағытталғанын атап өтті;
– Қазақстан заңгерлер одағының төрағасы Серік Ақылбай – Конституцияда дінді мемлекеттен бөлу туралы тікелей норманы бекітуді ұсынды;
– Республикалық адвокаттар алқасының төрағасы Мәди Мырзағараев азаматтардың құқықтары мен бостандықтарын нығайтуға бағытталған бірқатар ұсыныстар айтты. Атап айтқанда, ол соттың санкциясынсыз қамауда ұстау мерзімін 72 сағаттан 48 сағатқа дейін қысқарту қажеттігін атап өтті;
– Адам құқықтары жөніндегі уәкіл Артур Ластаев – әмбебап және барлығына бірдей: қарттар мен сәбилерге, ерлер мен әйелдерге, дінге сенушілер мен атеистерге қолданылатын іргелі адам құқықтарын бекіту қажеттілігін атап өтті. Оның пікірінше, негізгі бостандықтардың ішінде өзіне және жақындарына қарсы куәлік бермеу және өзінің кінәсіздігін дәлелдеу құқығын тікелей көрсету қажет.
– ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты Елнұр Бейсенбаев Конституцияда тек ер мен әйел арасындағы некені бекітуді ұсынды;
– ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты Мұрат Әбенов – Конституцияда зияткерлік меншік пен шығармашылық бостандықты қорғау туралы нормаларды бекітуді ұсынды;
– «Қазақ газеттері» ЖШС Бас директоры, белгілі журналист Дихан Қамзабекұлы – білім беру және тәрбие жүйесіндегі зайырлылық қағидаттарын нығайту мәселесін көтерді;
– М.С. Нәрікбаев атындағы Қазақ мемлекеттік заң университетінің басқарма төрағасы Талғат Нәрікбаев – Конституциядағы терминологияның сәйкессіздігін жоюды ұсынды;
– ҚР Парламенті Сенаты Төрағасының орынбасары Жақып Асанов интернет-алаяқтыққа қарсы тұру үшін конституциялық негіздерді нығайтуды ұсынды;
– ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты Азат Перуашев – азаматтар мен бизнестің жеке меншігін уонституциялық қорғауды күшейтуді ұсынды;
– Әділет министрі Ерлан Сәрсембаев – жекелеген аумақтар үшін арнайы құқықтық режимдерді конституциялық тұрғыдан бекітуді ұсынды.
Бірінші отырысты қорытындылай келе, Конституциялық реформа жөніндегі комиссияның төрағасы Эльвира Азимова келесі отырыста Комиссия нақты талқылауға көшетінін және жаңа нормалар мен нақты түзетулер бойынша жұмысты бастайтынын атап өтті.