$541.34 €640.73 ₽6.53
×

Қазақтелеком қарыз алады

Қазақтелеком қарыз алады

Қазақтелеком AIX биржасында көлемі 823 млн юаньға дейінгі (шамамен 118,2 млн доллар) облигацияларын орналастыруды жоспарлап отыр.

 

Кейінгі кездері Қазақстанның өзге де эмитенттері юаньмен қарыз тарта бастады:

Қазақстанның Даму Банкі (ҚДБ) — 2025 жылғы қыркүйекте Гонконг биржасында 3 жыл мерзімге, жылдық 3,35% табыстылықпен 2 млрд юань (~287 млн доллар) тартты.

Өнеркәсіпті дамыту қоры (ҚДБ-ның еншілес компаниясы) — 2025 жылғы шілдеде 5 жыл мерзімге 500 млн юань көлемінде облигация орналастырды. 2025 жылғы қазанда тағы да 5 жыл мерзімге 500 млн юань алды.

Qazaqstan Investment Corporation (ҚДБ-мен аффилирленген компания) — 2025 жылғы желтоқсанда 5 жылға 5 млрд юань тартты.

ҚДБ-ның Гонконгта тартқан қаражаты «Бәйтерек» тобының ішінде бөлінген болуы мүмкін. «Бәйтерек» мұндай тәсілді жиі қолданады. Үш жеке орналастырудың жалпы сомасы ҚДБ-ның өз қарызынан асып түсуі — лимиттердің толық игерілгенін білдірмейді, себебі нақты көлем туралы ашық ақпарат жоқ. Сондай-ақ, бұл юань өтімділігін түпкілікті кім алып жатқаны да белгісіз.

ҚазМұнайГаз (ҚМГ) — 2025 жылғы қазанда Гонконг биржасында 5 жыл мерзімге, жылдық 3,15% табыстылықпен 1,25 млрд юань (~180 млн доллар) тартты.

Fincraft Energy Holding Limited — жылдық 9,0% купондық мөлшерлемемен 10 жылға 1.2 млрд юань(~172 млн доллар) шығарды. Бұл қаржыны компанияға нақты кім бергені жарияланбады. ҚМГ тартқан қаражат Кеңес Рақышевтың құрылымдарына бағытталуы екіталай, бірақ мөлшерлемелердегі айырмашылық (3.15%-бен алып, 9%-бен орналастыру) экономикалық тұрғыдан өте тиімді көрінеді. ҚМГ-ның қытайлық мердігерлермен есеп айырысуды қажет ететін жобалар портфелі үлкен.

QazPost — 2025 жылғы 30 желтоқсанда 3 жыл мерзімге, жылдық 4.2% купондық мөлшерлемемен 360 млн юаньдық (~50 млн доллар) облигацияларын орналастырды.

Енді осы тізімге Қазақтелеком қосылды. Ел ішінде юань бойынша мұндай ірі өтімділік көлемі іс жүзінде тек «Самұрық-Қазына» деңгейінде жинақталуы мүмкін. Холдинг ретінде «Самұрық-Қазына» өзінің жоғары несиелік рейтингінің арқасында қаражат тартып, кейін оны еншілес компаниялары арасында бөліп отырады.