$541.34 €640.73 ₽6.53
×

«Балаңызды Түркияға байқауға апарам» деп 500-ге жуық ата-ананы сан соқтырған

26.01.2026ж. 19:00
«Балаңызды Түркияға байқауға апарам» деп 500-ге жуық ата-ананы сан соқтырған

Алматылық продюсер «Балаңызды Түркияға байқауға апарам» деп 500-ге жуық ата-ананы сан соқтырған.  Ол былтыр инстаграм парақшасында жарнама жасап, талантты жеткіншектерді Түркияда өтетін «Eurasia Star» байқауына қатыстырам деп, қаржы жинаған. Бірақ жарыс түгілі, шетелге шығатын билет те алынбапты.  Қоғамда үлкен шу болған іске қатысты сот процесі басталды.

Айыпталушы осылай деп ағынан жарылды. Балаңызды жұлдыз қылам деп, жоқ болған продюсердің ата-аналарға берешегі 100 миллион теңгеден асып кеткен көрінеді. Қатысушылар 200 мың мен 1 миллион теңге арасында төлем жасаған. Жоспар бойынша, балалар былтыр мамыр айында Түркияға жол тартуы тиіс еді. Алайда, ата-аналар продюсердің ұшаққа билет алмағанын өнерпаздардың сахналық образдары да, чемодандары да дайын болған уақытта бір-ақ естіген.  Арыз жазған, күдікті үй қамағына алынған.

ДИАНА НҮСІПБЕК, ЖӘБІРЛЕНУШІ:

Келісімшартқа қол қойып, мен скан вариантын қайтадан өзіне жібердім, ол кісі де қолын қойды, оның қағазы менде бар. Маған удаленно оплата жіберді «Жұлдыз болам» деген каспи арқылы. Мен сол жерге 450 мың теңгемді аудардым. Мен ешқандай ақшамды қайтарып алған жоқпын. Өзімнің толық ақшамды қайтарып беруін және заңды түрде жазасын алуын талап етем.

ӘЛИЯ ИМАНҚҰЛОВА, ЖӘБІРЛЕНУШІ:

Жалпы сенімді адам болған. Оның алдында да бірнеше концерттеріне, конкурстарына қатысқан болатынбыз. Бұрындары да бірнеше конкурстарына қатысып, жүлделі орындар алып жүргендіктен өзі сендіріп айтты толықтай, сол сенімнің арқасында біз ақшамызды жіберіп отырмыз.

Күдіктінің адвокатының сөзінше, Лариса Жұмаева 2018 жылдан бері продюсерлікпен айналысып келген. Бұған дейін шетелдік байқауларға қатысып, топ жарған балалар да жетерлік. Ал, бұл жолы Түркияда болған жер сілкінісі мен ауа райының қолайсыздығы салдарынан жарыстар кейінге қалып жүрді, -  деп түсіндірді қорғаушы.

БАҒДАГҮЛ ӘЖИҒАЛИЕВА, АЙЫПТАЛУШЫНЫҢ ҚОРҒАУШЫСЫ:

Қазір үй қамақта отыр. Үйден шығуға болмайды. Қалай ол ақша табады? Маған жәбірленушілер де хабарласқан болатын, қашып отырған жоқпыз, мен жәбірленушілерге түсіндіріп айтам, сендер өздеріңіз полицияны шақыртып, істі қозғатып қаматып тастадыңдар, енді ол бұл қаражатты қалай қайтарады деп ойлап отырсыңдар. Егер сендер сотқа берген жағдайда ол жұмысын жалғастыра беріп, сотына қатысып, мойындап, может медиация жасар еді, егер жұмысын жалғастыра берген жағдайда оған ақша түсіп тұрса, әрине ол қайтаратын еді.

Алғашқы сот отырысына қатыса алмай, сыртта телміріп күткен жәбірленушілер күдіктіні осылай шығарып салды. Зардап шегушілердің айтуынша, жазылған 95 арыздың барлығы түгел қаралмаған көрінеді. Сондықтан олар шағымдарды бастан-аяқ қайта қарауды талап етуде. Соттан әділ шешім күтеді.