$541.34 €640.73 ₽6.53
×

Түркістан облысы Жетісай ауданындағы екі ауылдың тұрғындары жаңа мектепті алты жылдан бері армандап келеді

Түркістан облысы Жетісай ауданындағы екі ауылдың тұрғындары жаңа мектепті алты жылдан бері армандап келеді

Түркістан облысындағы Жетісай ауданында екі бірдей ауылдың тұрғындары жаңа мектептің салынуын күткелі алты жылдан асқан.  Жергілікті атқамінерлердің жыл сайынғы сөзіне сенуден қалған халық бұл мәселені өңір басшылары назарға алса дейді. Өйткені 600-ге жуық бала көрші ауылға барып оқитындықтан республикалық маңызы бар тас жолды күнделікті кесіп өтеді.   

Қызылтаң мен Байдала елдімекендеріне білім ошағын уәде еткелі алты жыл  өткен. Білім ошағы үшін ауыл  сыртынан арнайы орын да белгіленіп қойыпты. Бірақ жергілікті атқамінерлер асығар емес деп қынжылады халық. 

АБДУЛЛА МЕЙІРБЕКОВ, ҚЫЗЫЛ ТАҢ АУЫЛЫНЫҢ ТҰРҒЫНЫ:

Басында жайлы мектеп түсетін болды бізге. Одан жайлы мектеп жоқ. Күттік екі-үш жыл күттік. Ойбай, жайлы мектептің программасы бітті, үйтті -бүйтті деді. Жәй мектеп саламыз деді әкімшіліктер. Ә болды, жәй мектепті күтейік дедік. Одан жәй мектепті тағы екі-үш жыл күттік. Жәй мектебіміз де бітті. Ақырында айтты: кәсіпкерлерді белгіледік, сіздерге кәсіпкерлер келіп салып береді деді. Ол кәсіпкерлерді күттік. 

Екі ауылда  600дей оқушы бар. Олар  жолдың арғы бетіндегі Бірлік ауылына барып оқиды. Сабаққа жету үшін республикалық маңызы бар тас жолды күнделікті кесіп өтуге мәжбүр. Ата-аналардың уайымы да осы.

НАҒИМА ҚАЛЫМБЕТОВА, ҚЫЗЫЛ ТАҢ АУЫЛЫНЫҢ ТҰРҒЫНЫ:

Жолда балаларды қағып кеткен көп оқиғалар болды. Бір баламыз мүгедек те болып қалды,

ЕРБОЛАТ АНЫҚБЕК, ҚЫЗЫЛ ТАҢ АУЫЛЫНЫҢ ТҰРҒЫНЫ:

Қатты жүреді көліктер. Мынау қойылған знакқа қарамайды көп көліктер. Қараңғыда қорқамыз.

Ата-аналардың айтуынша,  көрші ауылдағы мектеп те ескі. 400 орындық ғимаратта үш ауылдан 1200 бала оқып жүрген көрінеді. Ал жетісайлық жауаптылар мәселе жақын арада шешіледі деп кезекті уәдесін беріп отыр.

ШОҚАН АДАЙБЕКОВ, ЖЕТІСАЙ АУДАНЫ БІЛІМ БӨЛІМІНІҢ БАС МАМАНЫ:

Өткен жылы 300 орындық мектеп құрылысын салу үшін Түркістан облысы құрылыс басқармасына және Түркістан облысы білім басқармасына Жетісай аудандық білім бөлімі тарапынан ұсыныс енгізіліп отыр. Енді әрі қарай салалық басқармалар тиісті жұмыстар жүргізсе  300 орындық мектеп құрылысы салынатын болады.+Әрі қарай смета жасау жұмыстары, құрылыс-монтаж жұмыстарын жүргізу құрылыс басқармасының құзыретінде.

Аудан атқамінерлерінің сөзінше, мұндай мәселе тағы үш ауылда бар. Оны шешу қаржыға тіреліп тұрғанын айтады.