Тыныс алудан қалдық. Атырау қаласының бірқатар ықшам ауданының тұрғындары жағымсыз иіске шағымданып, бас көтерді. Айтуларынша, үлкендердің қан қысымы көтеріліп, бала-шаға лоқсып, құса бастаған. Тұрғындар мұны ықшамауданға көрші орналасқан Атырау мұнай өңдеу зауытынан үш күн бойы үздіксіз шыққан қалың түтіннен деп отыр. Бір қызығы, сол күні күкіртсутек көрсеткіші шекті мқлшерден 36 есе асқанын анықталған. Зауыт өкілдері не дейді? Тілшіміз білді.
Атырау маңындағы Тасқала, Сая, Химиктер ықшам ауданы халқы таза ауаға зар болдық,- дейді. Соңғы үш күнде жағымсыз иіс қолқаны қауып, бас көтертпей қойған. Айтуларынша, бұл әдеттегі иістен де өткір.
НҰРГҮЛ ТҮСІПОВА, ҚАЛА ТҰРҒЫНЫ:
Экологияға байланысты әсер етіп жатыр қазір өте қатты болып тұр. 3 күні бойы аурудан тұрып жүруден қалдық қатты ауырып. Кешегі иіс деген одан да масқара болды. Дәрімді ішіп, аламын да жүре беретін едім. Кеше басымды көтере алмай қалдым.
ГҮЛНӘР МОЛДАҒАЛИЕВА, ҚАЛА ТҰРҒЫНЫ:
Иіс қатты күшейіп, ауа жоқ.күкірт деп күкірт деп те айта алмаймыз. Газ деп газ деп те айта алмаймыз. Түсінікіз иістер келіп жатыр. 5ші күннен бастап, қай бесінші күні болса да АМӨЗ бірінші күні таңға дейін өте көп мөлшерде түтін шығарады. АМӨЗ иісі күні- түні терезе ашу мүмкін емес. Бала ойнатуға мүмкіндік жоқ.
Тұрғындар зауыт аумағынан көшіруді талап етіп отыр. Алайда халықтың күмәнді сұрағына жауап беруге не зауыт өкілдері, не әкімдік қызметкерлері келген жоқ. Бұқараның жаппай шағымынан соң “Қазгидромет” -тің Атырау облыстық филиалы ауа сапасы тексерген. Расында да зертханалық талдау атмосфералық ауада күкіртсутектің шекті рұқсат етілген концентрациядан 36 есеге дейін асқанын көрсетті.
ЕРЛАН ЕСЕНОВ, ОБЛЫС БОЙЫНША ЭКОЛОГИЯ ДЕПАРТАМЕНТІ БАСШЫСЫНЫҢ ОРЫНБАСАРЫ:
Талдау жүргізілген кезде жел солтүстік шығыс, солтүстіктен соққан, яғни Атырау мұнай өңдеу зауыты бағытынан болған. Бірақ сол аумақта басқа да өнеркәсіптердің шоғырланғанын ескеру қажет. Барлық алынған деректер жан-жақты талданып, анықталған кәсіпорындарға қатысты тексеру жүргізіледі. Алғашқы кезекте Атырау мұнай өңдеу зауыты қызметі тексеріледі.
Бұл 300-ден астам ластаушы көзі бар үлкен зауыт қой. Әрбір қондырғыны тексеріп, қарау керек, тексеріс жүргізген кезде анықталады.
Ал зауыт өкілдері өздеріне шаң жуытар емес. Технологиялық процесте жылу алмасу принципі қолданылған кезде мұржалардан шыққан бу салқын ауа райы кезінде түтін ретінде көрінеді. Бұл ауаның ластануының белгісі емес,- деп “ант-су ішті”.
МӨЛДІР БОРАШЕВА, АМӨЗ ҚОРШАҒАН ОРТАНЫ ҚОРҒАУ БӨЛІМІНІҢ ЖЕТЕКШІ ИНЖЕНЕРІ:
Атырау аумағында зауыттан басқа да ластаушы көздер бар. Енді оны нақты қайдан болды дегенді құзырлы органдар айтады. Біз өз тарапымыздан санитарлық қорғау аймағында барлық көрсеткіштерге талдау жасап, соның нәтижесі бойынша шекті консентрациялан аспайтыны туралы хабарлама беріп отырмыз.
Дегенмен, халықты ашындырған жағымсыз иіс көршіден келді ме, басқа кәсіпорыннан тарады ма, оны экологиялық тексеріс нәтижесі көрседі.